"Он раундтық жекпе-жек": Сәкен Бибосынов WBA титулына таласады

Бұл туралы Caravan.kz порталы хабарлайды.

Екі дүркін әлем чемпионы және Токио Олимпиадасының жүлдегері алдағы жекпе-жегінде индонезиялық спортшы Сурия Дхармаға қарсы рингке шығады. Оның қарсыласы осы уақытқа дейін төрт рет жеңіске жетіп, соның үшеуін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Бұл кездесуде боксшылар WBA Asia нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді сарапқа салады. Осылайша, Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы мансабында алғаш рет титулға таласпақ. Жекпе-жек 17 сәуір күні Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтеді деп жоспарланған.

Сәкен Бибосынов sportbugin порталына берген сұхбатында алдағы кездесу жайлы пікір білдіріп, бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – он раундқа есептелген алғашқы кездесуі болмақ. Сондай-ақ ол қарсыласының деңгейі жоғары екенін де жасырмады.

"Титулдық жекпе-жекке дайынмын. Бұл мен үшін он раундқа жоспарланған алғашқы айқас болады. Қарсыласым өте мықты", - деді Бибосынов.

Еске сала кетейік, қазақстандық боксшы кәсіби рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2025 жылдың 20 шілдесінде Бішкекте өткізген еді. Сол кездесуде ол филиппиндік Кристиан Леганені бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Екінші айқасы да Бішкекте ұйымдастырылды. Бұл жолы жергілікті боксшы Адилет Качкынбековке қарсы шыққан Бибосынов төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңімпаз атанды.