Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Жақыпов аса жеңіл салмақта өнер көрсеткен еді. Ол Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында Рио Олимпиадасының алдында ықпалды азаматтардан Өзбекстанның жеңісті алдын-ала “шешіп қойғанын” естігенін айтты.
”Хасанбоймен төрт рет кездестім. Екі рет ұттым, екі рет ұтылым қалдым. Соңғысы Рио Олимпиадасында ұтылғаным. Негізі кілтін табуға болатын боксшы еді. Екі кездесуде кілтін таптым. Қалған екі кездесудің бірінде өзімнің қателігім болды. Сәтсіз соққыларға түсіп қалдым. Негізі өкінетінім, алдын-ала спарринг ойнап, оқу-жаттығу жиындарында кездескенімде оның жақсы кілтін тауып алатын едім. Ол спаррингтерге келмеді. Риода ойнай алмай қалдым. Бойы кішкентай, ыңғайсыз қарсылас. Кішкене тактиканы басқаша қойғанда ұтуға болатын еді. Тактикалық қателік жібердім. Риода көп соққы жіберіп алдым, ұтылдым. Бірақ, өзі спорттағы ең қиын кездесуі менімен болған жекпе-жек деп мойындайды. Маған да, оған да қиын жекпе-жек болды. Барып жатқан бірінші, екінші Олимпиадам емес, үшінші болғаннан кейін шет жағасын естисің. Өзбектер шешіп қойған дегенді үлкен жігіттерден естідім. Сөйтіп, психологиялық тұрғыдан беріліп қойдым. Қалайша үшінші Олимпиадамда да медаль бұйырмады деп сынып қалдым. Бірақ барымды салып жұдырықтастым”, - дейді ол.
Біржан Жақыпов - 2013 жылғы әлем чемпионы. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
2005 жылғы қарашада Жақыпов Қытайдың Мяньян қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
2008 жылғы Бейжің жазғы Олимпиадасында ол ширек финалда әлем чемпионы қытайлық Цзоу Шиминге (4:9) жол берді. Кейін Цзоу Олимпиада чемпионы атанды.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ширек финалда тағы да қытайлық Цзоу Шиминге (10:13) есе жіберіп, ол екінші рет Олимпиада чемпионы болды.
2012 жылғы қарашада Астанада өткен Қазақстан чемпионатында финалда жас боксшы Теміртас Жүсіповті жеңіп, турнирдің ең техникалық шебер боксшысы деп танылды.
Ал 2016 жылғы Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасы Жақыповтың спорттық мансабындағы үшінші әрі соңғы Олимпиадасы болды. Ол ширек финалға дейін жетіп, Азия чемпионы (2015), өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовқа 0:3 есебімен жол берді. Олимпиададан кейін 32 жасында мансабын аяқтағанын жариялады.