“Сенсациялық гол”: “Қайрат” пен “Интер” арасындағы матч қалай өтті

Матч әйгілі “Сан-Сиро” (“Джузеппе Меацца”) стадионында өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл ойын “Қайраттың” Чемпиондар лигасындағы ең әсерлі және есте қаларлық матчтарының бірі болды. Алматылық клуб италиялық алпауытқа лайықты қарсылас болып, табанды ойын өрнегін көрсетті.

Сенсациялық гол

Ойынның бірінші таймында миландық клубтың аргентиналық шабуылшысы Лаутаро Мартинес 45-минутта есеп ашып, өз командасын алға шығарды. Бірақ екінші таймда “Қайрат” ойын тізгінін өз қолына алып, бұрыштама добын сәтті орындады.

Капитандық белгі тағып шыққан израильдік қорғаушы Офри Арад баспен әдемі соққы жасап, есепті теңестірді — 1:1.

Бұл гол Чемпиондар лигасының биылғы маусымындағы нағыз сенсацияға айналды. Себебі дәл осы сәтке дейін “Интер” қатарынан үш матчты гол жібермей өткізген еді. Осылайша, “Қайрат” биылғы Чемпиондар лигасында италиялық клубтың қақпасына доп соққан алғашқы команда болды. Бұл нәтиже қазақстандық клубтың жанкүйерлеріне ерекше эмоция сыйлады.

Алайда 67-минутта Карлос Аугусто соққан доп “Интерге” жеңіс әкелді (2:1). Соған қарамастан, жанкүйерлер мен сарапшылар алматылық команданың өнерін жоғары бағалап отыр.

Турнир кестесіндегі жағдай қандай?

Төрт тур қорытындысы бойынша “Қайраттың” еншісінде бір ғана ұпай бар. Бұл ұпай үшінші турда кипрлік “Пафоспен” (0:0) тең түскен матчта алынған. Ал Кристиан Кивудің шәкірттері барлық төрт кездесуде жеңіске жетіп, 12 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр.

Келесі турда “Қайрат” 26 қараша күні “Копенгагенмен” кездеседі. Ал Чемпиондар лигасының биылғы маусымының финалы 2026 жылдың 30 мамырында Будапешттегі “Пушкаш Аренада” өтеді.