Шайдоровтың Олимпиада алтыны ұлттың жеңісі емес- жазушы Қанат Тілеухан

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Instagram желісінде жариялаған видеода спортшының көрсеткен нәтижесі елдің емес, жеке басының жетістігі екенін айтты.

“Михаил Шайдоровтың Олимпиада алтыны ұлттың жеңісі, үкіметтің жетістігі де емес. Әдетте біздің спортшылар Олимпиаданың шыңын бағындырып жатса, бұны бір ұлттың ұлы жеңісі, сол спортты басқаратын ведомстваның жетістігі сияқты қабылдайды. Бірақ меніңше, бұл - адамның жеке өзінің талантын еңбекпен шыңдап шыққан жеке меншік жеңісі. Михаил Шайдоровты қазір бәрі құттықтап жатыр. Бірақ оның есімін көп адам білген жоқ. Мен өзім де білген жоқпын. Ол өзі кішкентайынан осы спортты сүйді, жаны қалады. Қалаған іспен кәсіби түрде айналысып, енді міне, үлкен жетістікке жетіп отыр. Біз осындай спортшылардың жеңісін өзімізге меншіктеп, иеленгіміз келеді. Бірақ бұл жеңіспен ешкім де ортақтаспау керек. Қуанышымен бөлісуімізге болады”, - дейді ол.

Жазушының бұл пікірі желі қолданушылары мен спорт жанкүйерлері арасында қызу талқыланып жатыр. Бірі онымен келіссе, тағы бірі бұл ойды “спортшының еңбегін жоққа шығару” деп бағалады.

”Осындай пікірдің қажеті қанша? Бұл жетістікке тоғайда жалғыз өзі жүріп жеткен жоқ қой. Қуаныш бәрімізге ортақ”, “Ата-анасы мен жаттықтырушысының жемісі”, “Қалай айтсаң да елдің, мемлекеттің жеңісі”, “Осындай бос әңгіменің не керегі бар”, - деп жазды олар.

Еске сала кетейік, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан Олимпиадада үздік өнер көрсетіп, елімізге тарихтағы алғашқы алтын медальді сыйлады.

21 жастағы отандасымыз осы маусымдағы ең үздік өнер көрсетті. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған ол 291,58 ұпай жинап, Олимпиаданың алтын медальін иеленді.

Михаил Шайдоров - 2004 жылдың 25 маусымында Алматы қаласында өмірге келген. Оның әкесі Станислав Шайдоров – 1990 жылдары Қазақстан біріншілігінде топ жарған мәнерлеп сырғанаушы. 

Алғашқы жаттығуларын Алматыдағы сауда орталықтарының біріндегі мұз айдынында өткізген. Кейін Ресейде өткен оқу-жаттығу жиыны барысында Олимпиада чемпионы әрі тәжірибелі бапкер Алексей Урмановтың көзіне түсіп, оның жетекшілігімен дайындала бастаған.

2018 жылы спорттық деңгейін арттыру мақсатында Сочиге қоныс аударды. Ұлының болашағына сенген әкесі жаттығу шығындарын жабу үшін тіпті көлігін сатқан. Бір кездері пандемия мен түрлі жарақаттар да оның мансабына едәуір әсер етті. Тіпті, ол ұлттық құрама сапынан тыс қалып, емделу және қалыпқа келу шараларын өз қаражаты есебінен жалғастыруына тура келген жағдайлар да болған. Жазушы Қанат Тілеухан өз сөзінде спортшының осындай қиындықтардан өткенін меңзеген сыңайлы.