"Сол уақытта UFC тарапынан Қазақстанға қызығушылық болмады": Арман Оспанов мансабындағы қиын кезеңді еске алды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Бірге-бір” ютуб арнасына берген сұхбатында жанкүйерлерінің әлі күнге дейін қолдау білдіретінін айтып, мансабына қатысты ойымен бөлісті.

“Әлі күнге дейін мені іздеп жатады. Мені сүйіп қарайтын адамдардың барына көзім жетеді. Қазір спортта көзден кетсең, көңілден де кетесің. Бірақ менің жанкүйерлерім менің жекпе-жектерімді көргісі келеді. Ол үшін уақытты тек спортқа арнау керек. Одан да бөлек тіршілік болғаннан кейін басқа дүниелерге де уақыт бөліп қойып жатырмыз. Өзімізді қамшылап, намысты қайрап шыққымыз келеді. Дегенмен, уақыт өзінікін алады. Бойымыздағы жігер, қуат тасып тұрғанда үнемі осылай болады деп ойлайтынмын. Әкем “бәрі уақыттың еншісінде” дейтін. Уақыт сабырмен қарауға, шыдамды болуға үйретті”, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол “UFC-дегі алғашқы қазақ” атана алмаған өкінішін де еске алды.

“Америкадан екі рет қайтып келдім. UFC-дегі алғақшы қазақ болатын кезде елге қайтып, бірақ өзімді қамшылап Америкаға екінші рет бардым. Сонда да бұйырмай, өкінішпен қайттым. Бірақ, онымен өмір тоқтап қалмайды. Сол үшін артымнан өсіп келе жатқан спортшылар сағын сындырмай, қиындықтарға төзімді болып, жетістікке жететін уақыт болады деп ойлаймын. Қазіргі заманда адам стресске түсіп, өз-өзін жоғалтып алмайтындай болу керек.

Америкаға қосымша командамен, жақсы материалдық жағдаймен бару керек. UFC-дегі қай жұлдызды алып қарасаң да олар командамен барған. Ойлаңызшы, ауылда, қарапайым отбасында өскен бала Ресейді бағындырып, әлем чемпионаттарын ұтып, мемлекет басшыларының алдынан бір-ақ шығып, ковид кезінде тіл білмесе де Америкаға кетеді. Өзі менеджер, өзі жаттықтырушы, өзі диетолог, өзі аудармашы қаржыландырушы да өзі. Тұтас команданың жұмысын өзі істегеннен кейін адамда энергия кетеді. Спортшы ретінде менің жұмысым тек жаттығу жасап, менеджер берген қарсыласқа дайындалып, бала-шағамды уайымдамайтындай жағдайда болуым керек. Ал мен өзімнің жейтін тамағымды уайымдаймын ба, әлде отбасымды ма, немесе теледидарға қалай шығуды ойлаймын ба?! Мен жүрген уақыттарда осындай атмосфера болды. Сол уақытта UFC тарапынан Қазақстанға қызығушылық болмады ма деп те ойлаймын. Бізді ешкім қолдамады. Үкімет тарапынан UFC-ге қызығушылық та болмады”, - дейді Арман Оспанов.