"Сыналдық, бірақ сынбадық": Чемпиондық белбеуден айырылған Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол жаңа жазбасында жанкүйерлеріне үндеу жасап, рингке қайта оралатынын айтты.

"Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды.

Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! 1 титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын! Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтамадық, меніңше бәрі енді басталатын сияқты!", - деп жазды ол.

Сондай-ақ, боксшы жеңісті күндерден үміт үзбейтінін де айтты.

"Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз! Қазанаттың жолында жазық та бар ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар сор да бар! Бұл өмір заңы! Әр қиындықтан соң қуаныш барын ұмытпаймыз!

Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі! Ардақты ағайын, біз әлі әлем чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет", - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.