Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Боксшы "Oyla" подкастына берген сұхбатында жақсы ұсыныстар болса, кәсіпқой бокста өзін сынап көргісі келетінін жасырмады.
"Кәсіпқой бокс өзіме өте қызық. Бізде әйелдер арасындағы кәсіпқой бокс қатты дамымаған. Ол жерде сені әлемдік деңгейге шығару үшін қаражат, демеуші керек. Бізде ол жағы қиын. Негізі өзімді кәсіпқой бокста көргім келеді. Жақсы болатын сияқтымын, солай сезінем. Бірақ, жасым да келіп жатыр. Жақсы ұсыныстар болса шығып көру керек деп ойлаймын. Геннадий Головкиннің арқасында Қазақстанда кәсіпқой бокс қалай дамыды?! Кәсіпқой бокста жүрген жігіттер көп. Дегенмен, жоғары деңгейге жеткені аз. Қазіргі таңда Головкиннен кейін Жәнібек Әлімханұлы, Сұлтан Зауырбек бар. Менің салмағым кішкентай, ол жаққа қызық емес шығар. Бірақ шығарса, төбелесті де, нокаутты да көрсететін едім деп ойлаймын. Бізде кәсіпқойда Балауса Мұздыман, Ангелина Лукас секілді 3-4 қыз ғана бар. Негізі кәсіпқой мен әуесқойдың жолы екі бөлек. Кәсіпқой бокс - бизнес. Ол жақта хайп керек. Еркебұлан Тоқтар сияқты шоумен болуың керек. Бағыты басқа", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол спорттық мансабын аяқтағаннан кейін өзін жаттықтырушы ретінде көретінін айтып, жас боксшыларды тәрбиелеуді армандайтынын жеткізді.
"Негізі өзіме жаттықтырушы болған ұнайды. Бокста жинаған тәжірибемді, білетін дүниемді артымыздан еріп келе жатқан боксшыларға үйреткім келеді. Спортшы ретінде мансабымды аяқтағаннан кейін чемпиондарды дайындағым келеді", - дейді Назым Қызайбай.