Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Бірінші бол» YouTube арнасына берген сұхбатында Абылайхан Жүсіповтің жолы сәтті келе жатқанын айтты.
«О баста халықтың таңдауы Абылайхан Жүсіповке түскен еді. Алматы қаласындағы соңғы оқу-жаттығу жиынына барып қайттым. Сол кезде интриганың қызған кезі екен. Жоғары жақтан неше түрлі қоңыраулар келіп жатты. Бәріне жауапты бас бапкер Нұржан Насановтың басы қатып кеткен.
Былтыр Абылайханның әлем кубогында жолы болмағаннан кейін Төрехан әлем чемпионатына қатысты. Осы жолы Төрехан Азия чемпионатында бір қадам жетпей қалды. Абылайхан керісінше жақсы ойнап шықты. Логикалық тұрғыда Абылайханның жолы келіп тұр», – деді журналист.
Оның айтуынша, Төрехан Сабырхан Азия ойындарында жеңіліп қалса, бұл оның командасы үшін қиын жағдай болуы мүмкін.
«Төрехан жеңілмеуі керек. 100 пайыз нәтиже болмаса, өзіне өте қиын болады. Абылайханның командасы да нәтижені күтеді. Көп адам “Төреханды сақтап, жасыру керек еді” деді. Негізгі мақсат Олимпиада болса, арасында ғана шығару керек еді. Бокс мамандары “орта жолда қиындыққа тап болмай ма?” деп алаңдап жатыр», – деді Аслан Қаженов.
Сондай-ақ журналист Қазақстан құрамасының Азия ойындарына дайындығына қатысты пікір білдірді.
«Қазір ұлттық құрама Жапонияда. Климатқа, уақытқа бейімделу үшін 10 күн бұрын аттанды. Жігіттерде екі, қыздарда төрт құрам жүр. Осы жерде де ауызбіршілігімізге сызат түсті. Әр салмақта екі жігіттен бару керек еді. Кей салмақтарда спарринг қарсыластары бас тартып жатыр. Бапкерлер “Менің балам бармаса, неге жай дайындалу үшін барады?” деп дауласып жүреді», – деді ол.
Аслан Қаженов мұндай жарыстардың спортшылар үшін тәжірибе жинауда маңызды екенін атап өтті.
«Токио Олимпиадасында Өзбекстан төртінші нөмірге дейін алып кетіп, бір ай бойы залды жалға алып, дайындалды. Негізі жігіттерге бұл – жақсы тәжірибе. Кіші Олимпиаданың атмосферасын сезініп қайтады», – деді спорт журналисі.