“UFC-де қос қазақ Асу мен Азаттың кездесуі мүмкін бе”: Асу Алмабаев жауап берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Аса жеңіл салмақта өнер көрсететін UFC жауынгері Асу Алмабаев “Naiza to” YouTube арнасына берген сұхбатында өзімен бір салмақта өнер көрсететін Азат Мақсұммен кездесуі екіталай екенін айтты.

Ол журналистің “UFC екеуіңді кездестіруі мүмкін бе” деген сұрағына жауап берді.

”Неге екенін білмеймін, журналистердің көбі осы сұрақты қояды. Екі қазақ бір-бірімен кездесуі үшін бір салмақ дәрежесінде бес қазақтан болу керек. Азаттың рейтингі қай жақта тұр? Мен сәл жоғары тұрмын. Екеуміздің жекпе-жегіміз бүкіл ТМД елдеріне, Азияға, әлемге қызық болу керек. UFC екі жауынгердің төбелескенін адамдар көру керек дейтін ұйым. Екі қазақтың төбелесі оларға қызық бола қоймайды. Басқа ұлттармен қояды. Себебі, Қазақстаннан және екінші ұлттан нақты көрермендер пайда болады. Ал үлкен аренада өткен жағдайда екі жауынгердің қолдаушылары билет сатып алып, көруге келеді деген сияқты қызық бола алады”, - дейді Асу Алмабаев.

Спортшы UFC-ге кіргелі өмірінде аса қатты өзгеріс болмағанын да айтты.

”UFC-ге кіргеніме 2 жыл өтіпті. Осы уақытта алты жекпе-жек, бес жеңіс. Шүкір, қолдан келгенше төбелесіп, әлемнің қай бұрышында болмасын қазақтың көк туын желбіретуге қолдан келгенше тырысып жатырмыз. UFC-ге келмей тұрып та елдің ішінде атымыз аз-маз белгілі жауынгер едік. UFC-ға кіргелі өмірімді қатты өзгерген ештеңе жоқ. Сол команда, сол жаттығу, сол өмір, сол ағайлар. Барлығы бір қалыпты. 2019-дан бері Dar Team командасындамын. 6 жылда осы командада жаттығып, UFC-ге өттік. Неге бәрі UFC деп айтады? Өйткені, ол - әлемдегі ең мықты промоушен. Одан ары ештеңе жоқ. Әуесқой спортшылардың ең биік шыңы болса, ережесіз жекпе-жек, ММА-дың ең шыңы - UFC”, - дейді ол.