Ол прокуратурадан көмек сұрады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Спортшы болған жағдайды баяндап, Instagram желісіндегі парақшасында видео жариялады.
”Мені 2025 жылы, мамыр айында Нұржан және Шыңғыс есімді екі азамат бапкерлік қызметпен Ыстамбұл қаласына шақырып, солардың үйінде 10 күндей шамасында тұрдым. Оларға жаттығу жасатып, бапкер болып жүрдім. Елге оралғаннан кейін Шыңғыс бір емес бірнеше рет хабарласып, 1-2 азаматтың қол-аяғын сындыру керегін, ақша беретінін айтты. Мен ондай нәрсемен айналыспайтынымды айтып, бірден бас тарттым. 3-4 рет хабарласты”, - дейді Еркебұлан Шыналиев.
Арада біраз уақыт өткенде боксшы тағы да Түркияда “бапкер болуға” шақырту алған.
“Мені 2026 жылы қаңтар айында Ыстамбұл қаласына қайта шақырды. Бапкер боласың, әрі ақылдасатын жаңа жоспарлар бар. Бұйырса, сенің бапкерлік жұмысың бәрі жақсы болады. Бізді де жаттықтырып, үйде боласың деп шақырып алды. Қаңтар айында ұшып бардым, әуежайдан күтіп алды. Сөйтіп, Ыстамбұлдан 150-200 шақырым алыстағы ну орманға алып барды да, қараусыз қалған ғимаратқа кіргізді. Маған бір қағаздарды көрсетіп, одан кейін “Сен ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамымын деп мойындайсың” деп, барынша жалған ақпарат айтқызып, мәжбүрледі. Басыма оқталған пистолет тақап қойып, “Біз не айтамыз соның бәрін осылай видеоға айтып бересің” деді.
Даңқты боксшы өз өмірі үшін қауіптенгендіктен айтқандарын істеуге мәжбүр болған көрінеді.
"Қорыққанымнан, сасқанымнан өз өмірімнің қауіпсіздігі үшін не айтып не істегенімді білмеймін. Олардың айтуы бойынша істедім. Маған бір қағаздарды көрсетті, “Мынау сол ұлттық қауіпсіздік комитетінің маған берген қағаздары-мыс деп осыны нұсқап көрсетесің” деді. Одан бөлек Сәбит деген азаматқа хабарласты. Ол менің кураторым-мыс. “Ана ұлттық қауіпсіздік комитетінен соның айтуымен барыппын-мыс. Сөйтіп айт” деп мәжбүрлі түрде маған қысым көрсетіп, видеоүндеу түсіртіп алды. Қасында біраз сақалды жігіттер болды. Біздің елдің, Қырғызстанның азаматтары болды. Біраз қылмыс істеп, сол жаққа қашқан жігіттерді мен сол жерден көрдім. Сол жерде олардың нұсқауымен жүрмеуге менде ешқандай мүмкіндік болмады. Шетелде, басқа елде, ну орманның арасында екі жүз километр жерде менде басқа амал болмады. Сөзбен айтым жеткізе алмаймын. Елге аман-есен оралдым, Аллаға шүкір”, - дейді боксшы.
Спортшы бұл оқиғаға қатысты болжамын да айтты.
“Олар Түркия билігінен саяси баспана сұрап алу үшін осындай әрекетке барды деп ойлаймын”, - деп болжамын айтты боксшы.
Сөз соңында ол еліміздің құзырлы органдарынан көмек сұрады.
“Қазақстанның бас прокуратурасынан, ішкі істер министрлігінен, қазақ елінен, сіздерден осы екі азаматқа барынша заң жүзінде іс-әрекет жасауларыңызды сұраймын. Отбасым, өзімнің болашақ өмірім үшін алаңдаймын”, - деп түйіндеді спортшы.