«Үздік – 2025» республикалық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы спорт және туризм министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Конкурстық комиссия шешімімен «Жылдың үздік спортшысы» аталымы бойынша әйелдер боксынан екі дүркін әлем чемпионы және Әлем кубогінің күміс жүлдегері Алуа Балқыбекова,сондай-ақ грек-рим күресінен биылғы әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Айдос Сұлтанғали үздік деп танылды.

Ал «Жылдың үздік жаттықтырушысы»аталымында Алуа Балқыбекованың жеке жаттықтырушысы Долкунжан Камеков пен Айдос Сұлтанғалиді дайындаған Райымбек Ғабиден лауреат атанды.

Қазақстан бокс федерациясы «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы» атағына ие болды. Федерация ұлттық құраманың 2025 жылғы әлем чемпионатындағы жоғары нәтижелері мен спортшыларды жүйелі түрде қолдағаны үшін марапатталды.

Сондай-ақ Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» «Жылдың үздік спорт ұйымы» атанды. Жыл қорытындысы бойынша ұйым 12 ұлттық және ат спорты түрі бойынша 837 спортшыны дайындап, 53 ресми жарыста 85медаль жеңіп алған. Оның 28-і – алтын.

«Жылдың үздік спорт өңірі» аталымы бойынша Қызылорда облысы жеңімпаз деп танылды. Қазіргі таңда өңірде 377 мың адам, яғни тұрғындардың 44,6 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Кейінгі жылдары облыста спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып, өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

«Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы» аталымы Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденовке бұйырды. Ол бұқаралық спортты дамытуға, жарыстар ұйымдастыруға және ауыл жастарын жүйелі түрде спортқа тартуға елеулі үлес қосқан.

«Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» аталымында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі үздік деп танылды. Қарқаралы ауданында республикалық және облыстық деңгейдегі спорттық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, спортпен тұрақты айналысатын тұрғындардың үлесі 41,3 пайызға жеткен.
«Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»аталымында Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы жарысы жаттықтырушысы Владимир Шалыгин жеңімпаз атанды. Ол спортшыларды ұлттық және облыстық құрамаларға, сондай-ақ Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дайындаған.

«Дене шынықтыру және спорт саласының үздік маманы» марапаты Астана қаласының«Спортты дамыту дирекциясы» РМК инспекторлық-аналитикалық бөлімінің әдіскері Мейрам Нұртазинге табысталды. Ол халықаралық жарыстарда, соның ішінде Азия ойындарында көрсеткен аналитикалық қолдауы үшін үздік деп танылды.
«Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»аталымы жасөспірімдер арасындағы (U17) әлем чемпионы Мадхия Усманованы дайындаған Хислат Мамметовке берілді.

«Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері» аталымымен Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет ететін Алтынбек Сарбупин марапатталды. Ол күрес түрін дамытуға және әдістемелік жұмысқа көп жылдық үлес қосқан.

«Спорттағы жыл серпіні» аталымы «Қайрат» футбол клубының ойыншысы Дастан Сәтпаевқа табысталды.
«Жасөспірімдер және жастар құрамасының спортшысы» аталымында көркем гимнастикадан Қазақстанның абсолютті чемпионы, Азия және әлем чемпионы Ақмарал Ерекешова, фристайл-акробатикадан әлем чемпионы Дінмұхаммед Раймқұлов және ауыр атлетикадан әлем чемпионы Ксения Прозорова лауреат атанды.

«Жылдың үздік спорт меценаты» аталымы FREEDOM компаниясына берілді. Компания спорт инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде Павлодар қаласында «Бірлік» күрес орталығын салуға үлес қосқан.

Сонымен қатар Сейдахмет Бердіқұлов атындағы «Үздік спорт журналисі» байқауының жеңімпаздары анықталды.

«Үздік тележоба» аталымымен Qazsport телеарнасының бас редакторы Азат Смағұловмарапатталса, «Үздік спорттық жарияланым»аталымы бойынша Қанат Байұзақов(Elordainfo.kz) пен Әсел Әбілбек (Baq.kz) үздік деп танылды. Ал «Үздік фоторепортаж» аталымы Тұрар Қазанғапқа бұйырды.