Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы Instagram желісіндегі парақшасында үлкен боксқа қайта оралу өзіне ерекше әсер сыйлағанын жазды. Сондай-ақ, нәтиже күткендей болмағанын да жасырмады. Соған қарамастан, ол келесі жекпе-жекке дайындықты бастап кеткенін де жеткізді.
"Үлкен рингке қайта оралып, өте мықты әсер алдым. Иә, бұл жолы қателіктер көп болды, сол себепті жеңіліске ұшырадым.
Бірақ қателік – дамудың бір бөлігі. Әрбір қателік келесі жеңіске бір қадам жақындатады. Сол күн өтті, артта қалды. Біз өткенге емес, тек алға қарай жүреміз. Қазірдің өзінде келесі жекпе-жекке жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Ең бастысы – келесі жолы өзімнің стихиям, өзімнің спорт түрім – бокста жұдырықтасамын.
Алда жақсы жаңалықтар көп. Қолдау көрсеткен әрқайсыңызға рақмет! Кездескенше!", - деп жазды ол.
Айта кетейік, Мұхит Амантаев соңғы жекпе-жегін 4 шілде күні Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінде өткізді. Ол бұл кездесуде Ержан "Мотиватор" Бекембетовпен жұдырықтасты. Жекпе-жек ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша өтті. Амантаев кездесуді сенімді бастағанымен, үшінші раундта нокаутқа түсіп, күтпеген жерден жеңіліске ұшырады.