Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбада айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Әжіғалиев шорт-трекпен 24 жыл бұрын танысқанын, ал 2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғағанын атап өтті.
"Құрметті жанкүйер! Сіздерге өмірімде болып жатқан маңызды өзгерістер жайлы айтуды жөн көрдім
Мен шорт-трекпен алғаш рет 24 жыл бұрын таныстым. Сол күннен бастап бұл спорт өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғау бақыты бұйырды.
Осы жылдар ішінде бүкіл дистанцияда Қазақстан чемпионы атана алдым. Еліміздің тарихындағы алғашқы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан Туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болдым. Мен үшін бұл ең үлкен мәртебе", - деп жазды ол.
Ол спорттағы жолын аяқтағанымен, шорт-тректен қол үзбейтінін жеткізді. Алдағы уақытта жинаған тәжірибесі мен білімін Қазақстан спортының дамуына арнауды жоспарлап отыр.
"Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым.
Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келеді. Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Басып өткен жолыма көз жүгіртсем, жүрегімді өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімі кернейді. Енді сол жолдың жалғасын жаңа міндетпен жалғастыратын уақыт келді.
Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы", - деді Абзал Әжіғалиев.
Спортшы осы жылдар бойы қолдау көрсеткен отбасына, бапкерлеріне, командаластарына, дәрігерлер мен мамандарға және жанкүйерлеріне алғыс білдірді.
"Осы жылдар бойы сенім білдіріп, қолдау көрсеткен отбасыма, бапкерлеріме, командаластарыма, дәрігерлерге, мамандарға және бірге еңбек еткен барша жанға шынайы алғысымды білдіремін.
Қуанышымды да, жеңілісімді де бірге бөліскен әр жанкүйерге рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын.
Ал менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады", - деп түйіндеді спортшы.
Еске сала кетейік, Абзал Әжіғалиев – Қазақстан шорт-трегіндегі үздік спортшылардың бірі болды. Ол - Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері.
2025 жылғы Азия ойындарында ерлер эстафетасында алтын медаль жеңіп алды. Ал 2016 жылы өткен Әлем кубогы аясында 500 метр қашықтықта топ жарды.
Сондай-ақ, ол 2018 және 2022 жылдары Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының Туын алып шықты.