Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол “Бизнес под капотом” ютуб арнасына берген сұхбатында бастапқыда академиядағы мамандар мен командаластары оған барынша қолдау көрсеткенін мәлімдеді.
“13 жасымда Алматыға “Қайрат” футбол академиясына келдім. Академияға бейімделу оңай болды. Ол жерде тәрбиешілер, психологтар жұмыс істейді. Қиын болатын шығар деп ойлағанмын. Атырауда қазақ мектебінде оқыдым. Сол себепті орыс тілін жетік білмейтін едім. Алматыға академияға келетін кезде тілдік мәселелер туындайтын шығар деп ойладым. Бірақ олай болған жоқ. Бәрі қолдап, көмектесті.
Әрбір адамда түрлі жағдайлар болады. Кейде ойнай алмайсың. Шаршап, қолыңды бір сілтегің келеді. Жаттығуды да дұрыс жасамайтын кездер болды. Жаттықтырушы алаңға шығармай қоятын жағдайлар да болды. Оған да өзіңнің пікіріңді білдіре алмайсың. Себебі, ол - жаттықтырушы. Құрамды өзі бекітеді. Әрине, ашуланасың. Бірақ, қолды түсірмейсің. Себебі, әке-шешең қарап тұр. Алматыда бір өзіңсің. Жалғыз кеткеннің бір жақсы жері де осы шығар”, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол команда ішіндегі негізіні қағидаларға да тоқталды. Оның пікірінше, әр футболшы мен клуб қызметкері өз міндетіне жауапкершілікпен қараса ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады.
“Біріншіден, кез келген салада темірдей тәртіп керек. Алаңда ойнайтын 11 футболшы, жаттықтырушы бәріміз достық қарым-қатынаста болуымыз керек. Ұрыс-керіс болып қалса, бірден сол жерде шешеміз. Команда болып жиі жиналып тұрамыз. Әрбір маман өз жұмысын атқарса, жауапкершілікпен қараса, клуб жақсы нәтижеге жетеді. Өткен жылы сондай еңбектің арқасында жетістікке жеттік деп ойлаймын”, - дейді Темірлан Анарбеков.