Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Оқиға Қазақстан кубогы аясында "Жетісуға" мен "Ордабасы" арасында өткен матчта орын алды. Шымкенттік жанкүйерлер ойынның 69-шы минутында қазақ спорт журналистикасының аңызы Амангелді Сейітханның суреті мен қанатты сөзін шығарып, еске алып, құрмет көрсетті.
Ойынды жүргізген комментатордың ұлы Бекасыл Сейітхан әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, жанкүйерлерге алғыс айтты.
"Мен марқұм Амангелді Сейітханның ұлымын, есімім Бекасыл Амангелдіұлы Сейітхан. Спорт комментаторы, тіс дәрігерімін. Мен жаңа "Ордабасы" мен "Жетісу" арасындағы матчты жүргіздім. Ойынның 69-шы минутында мен күтпеген ерекше перформанс тіркелді. Әкемнің бет-бейнесін бейнелеген, "жеңісті күндерде жүздескенше" деген қанатты сөзін таспалаған жанкүйерлер менің жүрегімді елжіретті. Сөздің шыны керек, жылағым да келіп кетті. Бірақ, әкем мені қашан да кәсіби маман болуға даярлаған. Сол себепті эмоциямды тыйдым. Матчтан кейін өз еркім, жаңа біраз толқып та алдым", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол халықты руға, жерге бөлінбеуге шақырды.
"Бұл жердегі басты құндылық - қазақтың бөлінбеуінде. Әкем қашан да қазақ руға, жерге бөлінбесе екен деп армандаушы еді. Міні, жұмыла көтерген жүк жеңіл деп менің де қайғыма ортақтасып, күллі қазақ жетім қалмауыма септігін тигізді. Сол себепті де мен басымды иемін. Қашан да қазақ үшін қызмет етуге дайынмын. Әкем қазақтың ұлы болды. Қазақ үшін қызмет етті. Соның арқасында өсті деп ойлаймын, және ол шынайы болды. Ешқашанда атақ, ақша, мансапқа салынған емес. Әрине, маған әкемдей болу қайда. Бірақ, Абай "болмасаң да ұқсап бақ" дейді. Менің де қателесетін тұстарым өте көп. Өзімді керемет маман ретінде есептемеймін. Қашан да өсуді қалаймын және сіздердің қолдауларыңыз маған ерекше әсер етеді. "Ордабасының" басшылығына, жанкүйерлеріне алғысым шексіз. Бөлінбейік, мен қазақ қазақты қолдады деп білемін", - дейді ол.
Айта кетейік, 11 мамыр Амангелді Сейітханның туған күні. Ол тірі болғанда 57 жасқа толар еді.
Еске сала кетейік, комментатор 2021 жылы мезгілсіз дүние салды.