Балалар шығармашылығы – болашаққа жол ашқан әлем

Шығармашылыққа баулу – тек өнер үйрету емес, ол – баланың рухани дүниесін байыту, ойлау қабілетін кеңейту және болашақ өміріне бағыт-бағдар беру.

Өйткені балалар шығармашылығы – ел ертеңін қалыптастыратын рухани негіз, ал, сол негізді нығайту – ұстаздар мен ата-аналардың ортақ мақсаты.

Осы тұрғыда балалар шығармашылығын дамыту аясында еңбек етіп жүрген №85 орта мектептің технология пәні мұғалімі, еңбек өтілі – 20 жыл, педагог-модератор Жакипова Айгүл Базарханқызымен kaz.caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасты.

 -Айгүл ханым, үйірме жайлы айтып өтсеңіз. Нешінші сынып оқушылары қатысады, қандай жұмыстар жасайсыздар?

- Бүгінгі таңда оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту мен оларды еңбекке баулу – білім беру саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта мектебімізде жүзеге асырылып жатқан «Мектеп. Кәсіп. Болашақ» жобасы – оқушылардың қабілетін дамытып қана қоймай, өзін-өзі қаржыландыруға бағытталған тың бастама болып табылады.

Ұстаздық қызметімнің басты мақсаты – оқушылардың еңбекқорлығын, жауапкершілігін, шығармашылық қабілетін дамыту, өмірде өз орнын табуға бағыттау.

Технология пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен 7–8-сынып оқушылары арасында гипспен жұмыс жасау ісі жолға қойылды. Оқушылар гипсті еріту, қалыпқа құю және қажетті пішіндерді жасау әдістерін меңгеріп, өз қолдарымен түрлі бұйымдар дайындауды үйренді. Нәтижесінде ат бейнесі, торсық, сандық, шырша, асық, қоян, киіз үй, қобдиша, бүркіт сынды ұлттық және тұрмыстық сипаттағы мүсіндер мен ойыншықтар дүниеге келді.

Дайын бұйымдар түрлі бояулармен әсем безендіріліп, лак жағылып, сәндік сипат берілді. Бұл туындылар мектеп ішінде өтетін мерекелік іс-шаралардың жеңімпаздарына сыйлық ретінде табысталып келеді.

Сонымен қатар, «Мектеп. Кәсіп. Болашақ» жобасы аясында жасалған сувенирлер мен мүсіндер жергілікті кәсіпкердің қолдауымен кенттегі «Ерке» мейрамханасының сөрелеріне қойылды. Сатылымнан түскен қаржы мектепті безендіруге, түрлі іс-шаралар өткізуге, дипломдар мен мақтау қағаздарын алуға жұмсалуда.

Бұл бастама – оқушылардың еңбексүйгіштігін, жауапкершілігін, шығармашылық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, олардың өз еңбегінің нәтижесін көруге, қоғамға пайдалы болуға тәрбиелейтін өмірлік мектеп.

-Алдағы жоспарларыңыз жайлы тоқталсаңыз...

-Алдағы жоспарларымыздың бірі – оқушылардың идеяларымен санаса отырып, шығармашылық жұмыс аясын кеңейту. Әр баланың бойындағы икемділік, шыдамдылық және өнерге деген қызығушылығын арттыру арқылы олардың тұлғалық дамуына ықпал ету – басты назарда. Сонымен қатар, оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауға, болашақта өзіне лайық мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру де маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Халқымызда “Өнерді үйрен де жирен”, “Жігітке жеті өнер де аз” деген даналық сөз бар. Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, мен өз шәкірттерімді ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, дәстүр мен өнерді бағалауға тәрбиелеймін. Өнер мен еңбекті ұштастыра білген жас – елдің ертеңі, ұлттың болашағы.

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Тек біктерден көріне беріңіздер!