Қоғамды алаңдатып отырған осы және өзге де сұрақтарға психолог Айзада Талапбайқызы жауап береді.
- Қазіргі таңда балалар суициді қоғамдағы үлкен дертке айналып барады. Жасөспірімдердің өз өздеріне қол салуына көп жағдайда не себеп болып жатады?
- Балалар суициді өте ауыр, күрделі тақырып. Бұл тақырыпты қозғамаудың өзі өте ауыр. Бала өмірге келгеннен бастап ата-ана баламен қандай ниетте болды, соны бала 100% сезеді. Ата-ананың кикілжіңі, үйдегі ұрыс-керіс, әке-шешенің ажырасуы барлығы балаға әсер етеді. Жүйке жүйесі әлсіз балалар да, жаңағы айтқан проблемасы бар балалар да суицидке бейім болады. Алғаш келген адамның суицидке бейім бе, жоқ па бірден байқауға болады. Психолог кабинетіне келгенде «бұл жағдайға құрбың, әкең, шешең кінәлі екеніне пайызбен бөліп берші» деп сұрақ қоямыз. Егерде бала «бәріне өзім 100% кінәлімін» деп тек өзін ғана жазғырса, демек ол бала суицидті ойлап тұр деген сөз.
- Ата-ана баласының ойында теріс ниеті барын қалай анықтай алады?
- Ата-аналар баласының ойында жаман ойлар пайда болғанын біледі, сезеді. Балаға ең жақын адам ана, ол сезеді. Ата-анада «басқа балаларға қараймын деп осы балаға көңіл бөлмей кеттім-ау, қарамай кеттім-ау» деген кінәлі сезімі болады. Кішкентай кезінде оған жақсылап уақыт бөлсе, ал қазір көп уақыт бөле алмай жүргенін сезеді. Өзін кінәлі сезінеді де балаға шабуыл жасайды. «Сен неге ана баладай болмайсың, неге өзің жасай бермейсің» деп шабуыл жасап қорғаныс механизмін қойып алады. Ол кезде бала ашуланады, содан жаман ойлар пайда болады.
- Орын толмас оқиғалар орын алмас үшін ата-аналарға берер кеңесіңіз болса...
- Ең алдымен ата-аналар баламен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Баланы жақсы көретінін үнемі айтып жүру керек, кем дегенде баланы күніне 8 рет құшақтап, мақтап тұру керек. Ең бастысы отбасында бірлік болу керек. Балаға «сабақ білмедің» деп ұрысып, оның бағасын түсірмеу керек. Баланың бағасын мектептегі бағамен салыстырмау керек. Баланы қолдап, тыңдай білу керек. Балаға керегі оның сау психологиясы. Ата-ананың сау психологиясы болса, өмірге сау ұрпақ келеді. Осыған мән берсе деймін.
- Сұхбатыңызға рақмет!