"Ирандағы кез келген тұрақсыздық Қазақстанға тікелей әсер етеді" - Саяси сарапшы

Осы және өзге де сұрақтарға журналист, халықаралық саяси сарапшы Асылбек Баяжұма жауап береді.

- Қазіргі таңда Ирандағы саяси ахуалыдң басталуына не түрткі болды?

- Ирандағы қазіргі саяси ахуал кенеттен болған дүние емес.Бұл жылдар бойы қордаланған әлеуметтік, экономикалық, діни және саяси қайшылықтардың салдары. Бүгінгі болып жатқан толқуларды бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес. Себебі, Иран қоғамы бұған ұзақ уақыт бойы шыдап келген. Ақыр соңында осы үнсіздік жарылды десек болады. Ең алдымен халықтың төзімін тауыстырған дүние бұл экономикалық дағдарыс. Инфляцияның бақылаудан шығып кетуі, күнделікті тұтыну тауарлар бағасының шарықтауы. Қарапайым халыққа азық-түлік, дәрі-дәрмек алу қиындап кетті. Экономикада бәрі жақсы болады деген уәде болғанымен халық мұның нәтижесін көрмеді. Бұл теократиялық билік болғандықтан діни қысым өте көп болды. Оның үстіне халықаралық санкциялар да әсер етті. Мұнай экспортына тәуелді экономика сырттан келген қысымға төтеп бере алмады. Осының барлығы халықтың ашуына тиіп келді. Бұрын да Иранда осындай толқулар болған, бірақ дәл қазіргідей үлкен экономикалық толқудан басталған дүние ақыр соңында саяси ереуілге айналып кетті. Сондықтан да халықтың басқару жүйесіне, билікке деген сенімі толық жоғалды.

- Иран билігі халық наразалығына қалай жауап беріп отыр?

- Иран билігі халықты қатаң бақылау, қысым көрсету, шектеу қою, наразылықты күшпен басу, ақпараттық бақылау жолдарымен тоқтату жолдарын қарастырып жатыр. Сондықтан да бұл қоғамның Иран билігіне деген сенімі ақталды деп айтуға келмейді. Ең алдымен билік дәстүрлі әдіске жүгінді. Ең алдымен күш құрылымдарын іске қосты, полиция, әскери бөлімдерді көшеге алып шықты. Белсенді азаматтарды ұстады. Билік наразылықтың одан сайын кең ауқымды саяси қозғалысқа алып кетуіне жол бермеу үшін барын салды. Бұл Ирандағы билік мәдениетіне жалпы қалыптасқан рефлексия. Халықпен диалог емес, күшпен ұстау. Екінші маңызды бағыт бұл – ақпараттық кеңістікті қатаң түрде шектеу. Интернетті баюлатуы, әлеуметтік желілерге қолжетімділікті шектеу, шетелдік БАҚ-тарды арандату ретінде көрсету. Бұл биліктің негізгі тактикасына айналды. Ресми медиада наразылық шетелдік күштердің ықпалымен ұйымдастырылға әрекет ретінде түсіндірілді. Халықтың экономикалық, әлеуметтік талаптары екінші қатарға ығыстырылды. Бұл ішкі жауапкершілікті сырт жаққа аударудың классикалық үлгісі.

- Ирандағы жағдайға байланысты болжамыңыз қандай?

- Ирандағы қазіргі жағдайды оптимизммен де, пессимизмін де қарауға келмейді. Ол жарылмай тұрған бомба. Алдағы кезеңде Иранды 3 ықтимал сценарий күтіп тұр.

Біріншісі – халыққа қысым жасау арқылы уақыт ұту. Иран билігі қысқан кезде, наразылық ошақтарын бақылауда ұстап қауіпсіздік аппараттарын күшейтіп, жүйені орталықтандырып элита ішіндегі жіпті тоқтату мәселесімен айналысу мүмкін.

Екіншісі – наразылықтың бір жерде емес, әр жерде, әртүрлі формада қайталануы, базар, аймақ, қала, жастар ортасы әрқайсысы өздерінің қозғалыстарын бастап кетті. Бұл жағдай мемлекет үшін ең қауіптісі – тұрақсыздыққа алып келеді. Билік өзінің қолында бар ресурсын тек қана бақылауға жұмсап эконмикалық даму болсын, саяси даму болсын айырылып қалуы мүмкін.

Үшіншісі – жүйелі саяси трансформация. Қазір элитаның өз еркімен биліктің архитектурасын өзгертіп, қоғаммен ашық келісімге келіп, басқару моделін жұмсарту әрекеттеріне барғысы келіп тұрған жоқ. Сондықтан да Иран билігі үшін мұндай қадамдарға баратын болса, бұл оларға жеңіс ретінде есептелінеді. Осындай идеологияға сүйенген режимдер реформадан көрі, иньекцины таңдайды.

- Ирандағы жағдай Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

- Қазіргі Ирандағы саяси ахуал бір ғана мемлекеттің ішкі мәселес емес. География мен геосаяси заңдылығы бойынша Ирандағы кез келген тұрақсыздық бұл Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға да жанама әрі тікелей әсер етеді. Бұл ықпал бір күнде болмайды. Бірнеше бағытта, біртіндеп бола бастайды. Ең алдымен аймақтық қауіпсіздік. Иран каспий маңындағы елдердің бірі. Таяу Шығыс пен Орталық Азия арасындағы стратегиялық көпір. Ел ішіндегі тұрақсыздық күшейген сайын шекаралық аймақтарда бақылау әлсірейді. Бұл заңсыз көші-қон, контрабанда және радикалды идеялардың қозғалысына қолайлы орта қалыптастырып жібереді. Қазақстан үшін бұл тікелей әскери қауіп емес, бірақ қауіпсіздіктің архитектурасына әкелетін үлкен проблема. Екінші маңызды бағыт бұл – экономикалық және логистикалық әсер. Қазақстан Иранды парсы шығанағына шығатын маңызды транзиттік бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі, Каспий арқылы өтетін сауда жолдары Иранның саяси тұрақтылығына тәуелді. Иранда жағдай ушығып, санкциялық немесе ішкі дағдарыс тереңдеп кетсе, бұл маршруттардың тиімділігі төмендеп, нәтижесінде Қазақстанның экспорттық логистикасы қымбаттап, балама жолдарды іздеуге немесе басқа да мемлекеттерге логистика бағытында тәуелді болып қалуға әкелуі мүмкін. Үшінші фактор – энергетикалық нарық. Иран ірі мұнай және газ өндіруші. Ондағы тұрақсыздық әлемдік энергия бағасына қысым жасайды. Қысқа мерзімде бұл Қазақстан үшін де мұнай бағасының өсуі арқылы бюджеттік кірістің артуына пайдалы болуы мүмкін. Бірақ, ұзақ мерзімді қарайтын болсақ, нарықта құбылмалы инвестициялы жоспарларға, энергетикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Қазақстан үшін тұрақты баға қазіргі таңда бәрінен де қажетті дүние. Төртінші ықпал бұл – геосаяси тепе-теңдік. Иран әлсіреген сайын аймақта басқа ойыншылардың ықпалы күшейеді. Бұл Ресей болуы мүмкін, Қытай да болуы мүмкін, Түркия немесе батыс елдері арасындағы бәсекенің жаңа кезеңіне әкеледі. Қазақстан үшін бұл жағдай күрделі дипломатикалық маневрді қайтадан жасауға әкелуі мүмкін.