"Қадір түні екен деп телефон шұқылап, көз ілмей уақыт өткізудің пайдасы жоқ" - Теолог

Осы және өзге де сұрақтарға теолог Айша Кеңесбай жауап береді, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

- Қадір түніне байланысты сізге қандай сұрақтар жиі қойылады?

- Баршамызға Алланың сәлемі мен игілігі болсын. Қасиетті Рамазанда шын жүректен амандық, саулық, отбасыларыңызға берек тілеймін. Алладан не тілесеңіздер, барлық арман тілектеріңіз хайырымен қабыл болуын тілеймін! Егер салыстырып қарайтын болсақ, осыдан алдыңғы жылдарға қарағанда қазір сауалдардың арасында кәдімгідей айырмашылық бар. Өйткені, бұрындары "түкірігімді жұтып қойсам", "сәресіне ұйықтап қалсам не болады" деген сұрақтар болатын болса, қазіргі кезде "емделіп жүр едім, екпе салдыруға бұза ма" деген сияқты сауалдар қойылып жатады. Қазір бұрынғыдай емес, ақпараттардың барлығы қолжетімді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әрбір қасиетті Рамазанның алдында "жиі кездесетін сауалдар" деп ғылыми тұрғыда нақты жауаптар беріп және сол жауаптар ел ішінде таратылып жатады.

- Қадір түніне санаулы күндер қалды. Таңға дейін ұйықтамау міндетті ме?

- Қасиетті мың айдан артық қадір түнінің қасиеті жайлы қазір көпшілігіміз жақсы білеміз. Қасиетті Рамазан айы Құран түсуімен қадірлі болса, соның ішінде қадір түні Құранның құрметіне қасиетті мың айдан артық екені айтылады. Қасиетті қадір түні туралы арнайы сүре де бар. Сондықтан "таңға дейін ұйықтау шарт па, шарт емес пе" деген кезде, бұл жерде ең бастысы көкірегіміз ояу болу керек. Аллаға деген құлшылығымыз, Алладан кешірім сұрап, өзіміздің қажетімізді сұрап, өмірімізді өзгертуге, екі дүниемізді берекелендіруге қажетті ниетіміз, құлшылықтарымыз сол жасалатын болса, маңыздысы сол. Ал егерде бүгін қадір түні екен деп тек қана отырып, теледидар қарап немесе телефонды қарап, шұқылап, көз ілмей уақыт өткізу болса оның қандай да бір пайдасы бар деп айта алмаймын. Өйткені, қадір түні құлшылығымызбен, ниетімізбен атқарылатын амалдарымызбен қадірлі.

- Қадір түні қандай адамның құлшылығы қабыл болмайды?

- Бұл сұраққа келетін болсақ, "кімде кім ішімдік ішетін болса, тамағы харамнан болса, ондай адамның дұғасы 40 күнге дейін қабыл болмайды" деп ғұламалар үнемі ескертіп отырады. Дегенменде кімнің дұға-тілегі, кімнің құлшылығы қабыл болуы, болмауына біз баға бере алмаймыз. Оған баға беретін тек бір Алла. Өйткені, кімнің жүрегінде не бар екенін білмейміз. Жүректегі сырды, құпияны, ниетті білетін тек бір Алла. Адам құлшылықты керемет жасап жатқан көрінуі мүмкін, бірақ жүрегінде тәкаппарлық, күпірлік болатын болса оның өзі үлкен кедергі. Құлшылықтың, дұға-тілектің қабыл болуына. Сондықтан тек қадір түнінде ғана емес, кез келген уақытта жүрегіміздің, ниетіміздің тазалығы бізге ескеретін үлкен нәрсе.

- Сұхбатыңызға рақмет!