“Өзінен жас азаматты таңдауы әйелдің ана махаббаты көп болуынан” - Психолог

Осыған байланысты өзінен жас азаматтарды таңдауының себебі туралы Caravan.kz медиа порталының тілшісі психолог Аида Нарбаевадан анықтап көрді.

- Қазіргі таңда өзінен үлкен әйелге үйлену белең алып кеткендей. Өзінен жас азаматты таңдауды психологияда қалай түсіндіріп жатады?

- Қазіргі таңда қоғамда талқыланатын тақырыптардың бірі. Оның үстіне танымал адамдар, халықтың алдында жүргендіктен адамдар "неге" деген сұрақ қойып, "осылай шығар" деген жауаппен ұштастырып өте көп әңгіме қозғайды деп ойлаймын. Психологиялық себебін қарастыратын болсақ, бірнеше себебі бар. Жиі кездесіп жататын бейсаналы деңгейдегі нәрселерді қарастыратын болсақ, өзінен жас азаматты таңдаған әйелдің ана инстинкті өте көп болуы. Яғни, кейбір әйелдерде ана инстинкті өте көп болады, аналық махаббат көп болады. Мінекей сол нәрсе, бейсаналы түрде өзінен жас серіктесті таңдау арқылы соған өзінің қалған аналық махаббатын беру тамаша бір мүмкіндік. Жігіт тарапынан қарастыратын болсақ, онда бұл өзінің анасымен қарым-қатынас. Неге жас ер азамат өзінен үлкен жастағы әйелді таңдайды? Себебі, мүмкін оның осы уақытқа дейін келген өсіп келген отбасында, ортасында анасының махаббаты аз болды және ол дефициттен, сол қажеттіліктерінің орындалмауынан анасынан шартсыз махаббат ала алмағанынан ол "ана образын" іздеп жүреді. Ол өзінен ересек әйелді таңдаған кезде, сол әйелден қажеттілігін алу мүмкіншілігі артады. Өмірлік себептері қарастыратын болсақ, өз аяғынан тұрған, өзіне сенімді, материалды тұрғыда аяғынан тұрған тұлға болып қалыптасқан әйел өзін бұрынғыдай жас сезінгісі келуі мүмкін. Өйткені, көп уақытын өзін аяққа тұрғызуға, мансаптың өміріне арнағаннан жеке өмірін осындай жас ер азаматты таңдау арқылы энергетикалық тұрғыда жас адамның энергиясымен әсемдегісі келуі мүмкін. Мысалы, өзін жас сезінгісі келуі мүмкін, бұрынғы серіктестерінде өзін алдыда сезіне алмаған сәттерін осы серіктесінің алдында өзін сенімді, әрбір сөзінің өтімді болатынына сенімді болғысы келгеннен де жас ер азаматтарды таңдап жатады.

- Жас ер азаматтар үлкен әйелдерге материалды жағдайын жақсарту үшін үйленіп жата ма әлде шынайы махаббаттың көрінісі ме? Психолог тұрғысынан айтып өтсеңіз...

- Материалды жағдайын жақсарту үшін де үйленіп жатады, ондай адамдарды "альфонс" деп атайды. Әйелдердің есебінен өздерінің материалдық қиындықтарын, проблемаларын тез, жеңіл жолмен шешкісі келетін, арамдықтармен, қулықтармен әйелдерге қиындық туғызатын адамдардың түрі. Барлық ер азаматтарды "альфонс" деп айта алмаймыз. Өкінішке орай, біздің қоғамда қазір альфонстар бар және олар көбейіп жатыр. Шынымен де ер азаматтың ниеті түзу ма, мұны ер азаматтың әрекеттерінен көруге болады. Егерде ол өзінің қажеттіліктерін орындай алатын, ақша таба алатын, жауапкершілігі бар, дамуға ұмтылатын, өте көптеген бизнес, түрлі жұмыстарын атқарып жүрген ер азамат болатын болса әрине ол альфонс емес. Жалпы, ер азамат дамуға, өзін өсіруге ұмтылатын адамдар. Үлкен жастағы әйелдер оларға сол жолда тез көмектеседі. Олар өздерінің энергиясын кішкентай жас қыздарды тәрбиелеуге немесе өзімен қатарлас қыздарды өсіріп, пісіріп оларды аяққа тұрғызудан көрі, ер азаматтар өздеріне сенімді, материалдық жағынан сенімді, өмірлік тәжірбиесі бар әйелдерді таңдау арқылы өздерінің де өсуіне көмектесетін себептер етіп қарастырылады.

- Өзінен үлкен әйелге үйленген ер азаматтан психологиялық ауытқуды байқауға бола ма? Әлде ондай жағдайлар сирек кездесіп жата ма?

- Қазіргі таңда психология ғылымының қарқынды дамуына байланысты адам құндылығы тұлға құқығы деген ұғым бар. Яғни, адамның жынысына байланыссыз, жасы, нәсілі, тапқан табысы, жасап жатқан жұмысы, қабілеті, өскен өлкесі, шыққан отбасы материалдық деңгейіне, таңдауына байланыссыз ол адам құнды болып есептеледі және оның жасағаны ол оның жауапкершілігінде. Яғни, 10-15 жас үлкен адамға әйелун үйлену бұл психологиялық ауытқуға сілтемейді. Егерде ол кәмелеттік жасқа толған болса, осы уақытқа дейін психологиялық бұзылысы жоқ болса, адекватты адам болатын болса бұл таңдау оның жауапкершілігінде.

- Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы әйелдердің өмірін қысқартады деп жатады. Бұл пікірге ойыңыз?

- Ол жасы үлкен әйелдің сол құрған отбасында қаншалықты өзін психологиялық тыныш сезінуі, комфортты сезінуіне байланысты. Әдетте мұндай отбасылар спецификалық болғаннан кейін қоғам, туған туыстары қыспаққа алады. "Айтық қой саған, неге олай жасадың. Дұрыс таңдау жасамадың" деген сияқты нәрселермен үнемі айта беру арқылы сол отбасында болып жатқан кикілжіңдерді күшейтеді. Сондықтан да кез келген жасқа байланыссыз ер азамат болсын, әйел болсын ол үнемі стрессте өмір сүретін болса, оның өмір сүру жасы қысқарады. Әйел адам өзінен үлкен ер азаматқа тұрмысқа шығып, осындай стрессте болса оның өмір сүру жасы қысқарады. Өзімен жасты ер азаматқа тұрмысқа шығып, үнемі кикілжіңнің ішінде өмір сүретін болса, оның психологиялық та, физикалық саулығы да бұзыла бастайды.

- Сұхбатыңызға рақмет!