"Тез баю, тез ақша табу, қайтарымсыз" дегенге сенетіндер көп жағдайда алданады - Заңгер

Осы және өзге де сұрақтарға заңгер Нұрсұлтан Орынбеков жауап береді.

- Әлеуметтік желілерде «инвестор бол, акция арқылы пайда тап» дегендерді көп байқаймыз. Инвестор, акционер болу үшін алдымен не істеу керек? Заңгер ретіндегі пікіріңіз...

- Әлеуметтік желілерден «инвестор бол, акция арқылы пайда тап» дегенді көп естіп жүрміз. Трейдинг дегеннің де жарнамалары көп. Бізге жаңадан тың атаулармен жарнамалар келіп жатыр. Бұл нәрсе бұрыннан шетелде, Америкада қалыптасқан. Етек жеңін кең жайған ұғымдардың бірі. Бірақ елімізде осы мәселеге қатысты өкінішке орай алданып қалып жатқандар және ақшаларынан айырылып қалып жатқан адамдар көп. Ең алдымен «инвестиция, акция, облигация» дегендерді түсіну үшін негізгі экономикалық білім болу керек. Тіпті бізде адамдар «инвестиция» деген сөздің не екенін білмей жатып соған ақша салып, соңғы ақшаларын, үйлерін, көліктер салып бірден байып кететіндей көрінеді. Инвестиция деген нәрсе «қанша ақшаны жоғалтуға дайынсыз, сонша ақшаны салыңыз» деген өзінің қалыптасып қалған бейресми заңы бар. Заңгер ретінде қандай да бір кеңес беретін болсам ол «инвестиця салыңыз менің кәсібіме» деген азаматтың заңды тұрғыда тіркелгеннің өзінде де, қаржы агенттіктен лицензиясы бар ма, соны көре аласыз. Сондықтан «инвестиция салыңыз» дегеннің бәріне бірдей сала берудің қажеті жоқ.

- Alayaq.net жобасының жетекшісі ретінде көпшілігі біледі өзіңізді. Адамдар көп жағдайда қандай кезде алданып жатады?

- Арзанға жүгірген адамдар біреуден 100 пайыз гарантия алып, субсидия, мемлекеттен қайтарымсыз грант деген жарнамалардан алданып жатады. Бұл жерде алдайтындарды алдамаймыз олар қылмыскерлер. Ал көбінесе азаматтар өзіне деген жауапкершілікті алдайтындарға ысырып салып, «мені алдады» деген оларға жеңілірек. «Менің білімсіздігімнен» десе, оны түсінуге болады. Көбінесе олар «бізді сендірді, алдады» дейді. Сондықтан да арзан, жеңіл ақша, жеңіл пайда, тез баюю деген нәрселерден адамдар көп алданып жатады. Сондықтан да қандай ұсыныс болмасын жоғарыда айтып өткен акция болсын, облигация болсын, мемлекетітк субсидия, қайтарымсыз гранттар, кредиттер деген нәрселерден адамдар алданады. «Тез баю, тез ақша табу, тегін, қайтарымсыз 100 пайыз, арзан» дегенге сенетіндер көп жағдайда алданады, мойындауымыз керек.

- Әлеуметтік желілерде де көптеген түрлі курстар бар. Оған да алданып жататындар бар. Ондай курс алар алдын не нәрсеге мән беру керек?

- Жалпы, курс деген кезде азаматтар көбінесе оның жарнамасына алданып қалады. «Осы курсты үйренсеңіз, тез байып кетесіз, қарыздан құтылу жолын үйренесіз, қарыздан тез құтылу жолдарын көрсетеміз. Өкпе-ренішті ұмытуды үйретеміз» деген секілді аты дардай, бірақ өзі ауа болып шығатын курстар көп. Азаматтар көбінесе оның жарнамасына алданып жатады. Ондай курс алатын кезде, нақты сұрақтар, заң аясында жасалған нақты келісім шарт болуы керек. Ол келісім шарттың қосымшасы болу керек. Ол қосымшада қандай сала, қандай күтілетін нәтиже, соның барлығы нақты жазылу керек. Ақша қайтарыла ма, қайтарылатын қандай жағдайлар бар деген сияқты қосымша болуы керек. Орысша айтқанда приложение. Курс алатын кезде нәтижені нақты сұрау керек. Жайдан жай ауаға кететін курсты алып, өкініп қалып жатсаңыз ешкім сізге көмектесе алмайды.

- Мұның барлығы киберқауіпсіздік қоғам құру үшін маңызды нәрселер. Ондай қоғам болу үшін әрбір азамат не істеуі керек?

- Киберқауіпсіз қоғам құру үшін әрбір азамат бүгін айтып кеткеннің бәрін орындау қажет.Бір-бірімізге жанашырлықпен қарауымыз керек. Тек полиция қызметкерлері емес, қоғамдық ұйымдар да, әрбір БАҚ қызметкерлері де үнемі алаяқтық факторлары туралы айтып, ескертіп отыру тиіс. Барлық адамдарды сақтандыруымыз керек. Жеке мәліметтерімізді ешкіммен бөліспеуіміз керек. Цифрлық гигиена дегенді түсінуіміз қажет. Карточкаңызды, шоттарыңызды басқа біреудің пайдалануына жол бермеңіз. Танысыңыз болса да, ешкімге карта ашып беруге болмайды.

Сұхбатыңызға рақмет!