Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, полиция қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 4 642 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде 2,5 мыңнан астамы – ұрлық, 708 қаруды ұрлау немесе сақтау фактісі, 418 бұзақылық, 199 мүлікті жою фактісі, 26 қарақшылық және тонау.
"Қылмыстық істер аясында тергеушілер 15 мыңға жуық адамнан жауап алды, 35 мыңнан астам тергеу әрекеті және 2,5 мың сараптама жүргізілді. Сондай-ақ 1 731 азамат жәбірленуші болып танылды, 343 млн теңгеден астам шығын өтелді", – деді ІІМ өкілі орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында.
Бүгінгі күні 969 іс аяқталды, оның ішінде 594 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданды. Сотта 500 адамға қатысты үкім шықты, олардың көпшілігі бас бостандығынан шектелді, бұл 398 адам, ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 92 адам ғана бас бостандығынан айыруға сотталды.
Спикер қазір тергеушілерде 289 іс бар екенін жеткізді. Оның ішінде 20-сы бойынша 27 күдікті анықталған, олардың 6-уы күзетпен қамауда (1 – адам өлтірген, 1 – ұрлық, 1 – қару ұстау, 2 – мүлікті бүлдіру, 1 – қару ұрлау). Жақын арада бұл қылмыстық істер бойынша түпкілікті шешім қабылдау жоспарланған.
ІІМ өкілі сотқа дейінгі тергеу сатысында жағымды мінездеме берілген және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген күдіктілерге қоғамнан оқшауламайтын бұлтартпау шарасы таңдалғанын айтты.
Осы негіздер бойынша 255 күдікті қамаудан босатылды. Орташа немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған 35 күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотқа жеткізілмей тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды. Дәл осындай негіздермен 13 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қысқартылды.