1 айдан астам уақыт іздеді: Алматы облысында із-түзсіз кеткен мектеп оқушысы табылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарт агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

25 қараша күні сағат 12:00 шамасында қыздың орналасқан жері анықталды. Белгілі болғандай, осы уақыт ішінде ол Талдықорғанның Шығыс шағын ауданындағы құрбысының жалдамалы пәтерінде болған.

"Жүргізілген профилактикалық әңгімелесуден кейін бойжеткен профилактикалық есепке алынды. Әжесі денсаулығына байланысты қамқоршылықтан бас тартқандықтан, қорғаншылық және қамқоршылық органдарында қамқоршылықты туған анасына беру туралы мәселе шешілуде", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Айта кетейік, 11-сынып оқушысының жоғалғаны туралы 16 қазанда Сарқан АПБ кезекші бөліміне оның
57 жастағы әжесі хабарлаған.
Қыз туған кезден бастап әжесінің қамқорлығында болған. Әжесінің айтуынша, 13 қазанда ол немересіне ұрысқан, ал екі күннен кейін немересі ескертпей, белгісіз бағытта кетіп қалған.

Жеке құрам мен жақын маңдағы барлық полиция бөлімшелері, еріктілер кәмелетке толмаған қызды іздеді.