1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге болмайды: Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер бар

Соның бірі оқушылар мен ата-аналардың мұғалімдерге деген қарым-қатынасына қатысты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрінің міндетін атқарушы Шынар Ақпарованың айтуынша, мектеп аумағында мұғалімдерге гүл немесе қандай да бір сыйлық табыстауға жол берілмейді.

«Біз тиісті хаттарды жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Мектептерде гүл сыйлауға, қандай да бір сыйлық сатып алуға жол берілмейді. Бұл талапты мектеп аумағында сақтау қажет», – деді Шынар Ақпарова.

Бұл талап 1 қыркүйекте алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бірінші сынып оқушыларына да қатысты. Яғни биыл алғашқы қоңырауға келген оқушылардың мұғалімдерге дәстүрлі түрде гүл сыйлауы құпталмайды.

Ал оқу жылының алғашқы күніндегі дәстүрлі сынып сағаттары бұрынғыдай өткізіледі. Олар еліміздің барлық білім беру ұйымдарында ұйымдастырылады.

Мектепте макияж жасауға да қатысты талап бар

Мектептерде оқушылардың макияж жасауына да қолдау көрсетілмейді. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында макияжға қатысты нақты тыйым жоқ.

Бұл талаптар білім беру ұйымдарының ішкі тәртіп ережелерінде белгіленуі мүмкін.

Шынар Ақпарова мектеп жасындағы балалардың ерте жастан макияж қолдануы олардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Төрт мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмаған

Жаңа оқу жылы барлық мектепте бірдей жағдайда басталмайды. Алматы, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау мүмкін болмаған.

Осыған байланысты аталған мектептердің оқушылары оқу басталған кезде уақытша басқа ғимараттарға ауыстырылады.

Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін оқушылардың өз мектептеріне оралуы жоспарланып отыр.