Оның атап өтуінше, салымшылардың жеке зейнетақы есепшоттары мен олардың басқа жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жинақтарын аудару бекітілген кесте бойынша қатаң жүзеге асырылады. Бұл ретте салымшылардың өздеріне қандай да бір әрекет жасауының еш қажеті жоқ. Олар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына автоматты режімде аударылады.
«Сондай-ақ қоғамда жекелеген азаматтардың арасында өз жинақтарының сақталуына қатысты алаңдаушылық бар. Бірден атап өтейін, қор салымшылардың зейнетақы жинақтарының сақталуына әрі толық көлемде аударылуына қатысты барлық шараларды қолға алуда», - деді ол.
Р.Ерденаевтың атап өтуінше, қазіргі таңда 6 зейнетақы қорының ағымдық есепшоттары мен зейнетақы активтерінің БЖЗҚ-ға қосылуы толығымен жүзеге асырылыған. Олар - «Республика», «Отан», «Капитал», «Атамекен», «Астана», «НефтеГаз-Дем» жинақтаушы зейнетақы қорлары. Ал қазіргі таңда «Грантум» қорының есепшоттары мен активтерін қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек тағы 2 ірі жинақтаушы зейнетақы қоры қалып отыр. Олар - «Ұлар Үміт» пен «Халық банкінің» жинақтаушы зейнетақы қоры.
«Осылайша, 2014 жылдың 1 сәуірінде барлық жеке салымшылар есепшоттары мен олардың зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға берілетін болады. Ал зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады», - деді Р.Ерденаев.