10 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Жастардың дүниежүзілік күні. 1945 жылы БҰҰ бекіткен. Бұл күні Дүниежүзілік жастар федерациясы құрылды.

Мұстафа Кемал Ататүрікті (1881-1938) еске алу күні.

РФ-ның милиция күні.

Индонезиядағы батырлар күні. 1945 жылы қарашаның 10-ында шетел басқыншыларына қарсы күресте қаза болған индонезиялық патриоттарды еске алу мақсатында атап өтіледі.

Панама тәуелсіздігінің алғашқы жарияланған күні. 1821 жылдың 10 қарашасында қазіргі Панаманың аумағында орналасқан, ірі екі қаланың бірі - Лос-Сантостың тұрғындары испандық билеушілерден тәуілсіздіктерін жариялады. Панаманың мерекелік күнтізбесінде бұл күн - Панама тәуілсіздігінің алғашқы жарияланған күні деп аталады.

Қырғызстанның ғылым күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 қаңтардағы Қаулысымен бекітілген. Жыл сайын 10 қарашада аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

8 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» АҚ жаңа жылға арналған пошта маркасын айналымға енгізді. Онда «Бәйтерек» сәулет ескерткіші, шырша және жаңа жыл сағаты бейнеленген. Марка Бейжіңдегі (ҚХР) пошталық төлем белгілері фабрикасында, 50 мың данамен басылып шықты. Марканы безендірген суретші - Ринат Жапалов.

9 жыл бұрын (2004) Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдары «электрондық үкімет» Мемлекеттік бағдарламасын ұйымдастыру туралы» Жарлыққа қол қойды.

9 жыл бұрын (2004) Павлодар көркемөнер мұражайында Қазақстандағы Британ Кеңесі ұсынған ағылшын суретші-көркемдеушілерінің «Көңілді қарындаш» балалар кітаптарының және «Шығыс-Батыс-Шығыс» плакаттар көрмесі болып өтті.

«Көңілді қарындаш» көрмеге келушілерді ағылшынның 13 атақты балалар кітаптарын көркемдеушінің шығармаларымен таныстырды. Картиналарда ертегілердің, әжуа суреттердің кейіпкерлері, коллаждар бейнеленген. Көрмені құрастырған - атақты балалар жазушысы және көркемдеуші Квентин Блэйк.

«Шығыс-Батыс-Шығыс» көрмесі Ұлыбритания мен Қазақстанның төрт ғасыр бойғы мәдени және экономикалық байланыстарына арналған. Фотосуреттер, қаламмен салынған суреттер және мәтіндер арқылы жеткізілген 13 плакатта Қазақстанда 1552 жылы болған тұңғыш ағылшындық көпес-жиһанкез Энтони Дженкинсон туралы, ізгі ниет пен өзара құрметке негізделген көпжылдық техникалық, экономикалық және мәдени ынтымақтастық жайында әңгімеленеді.

9 жыл бұрын (2004) Павлодар облысы Ертіс ауданының Қосағаш ауылында жаңа мешіт ашылды.

7 жыл бұрын (2006) Алматыда және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қазақ кәсіби музыкалық мәдениеті негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР халық әртісі, композитор, Қазақ радиосының хормейстері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері Латиф Хамидидің туғанына 100 жыл толуына арналған «Мерейтойлық және естелік даталар» сериясымен шығарылған көркем пошта маркасы пошталық айналымға енгізілді. Марка офсеттік тәсілмен 4 түсте басылған, жиектері өрнекті орындалып, тиражы 50 000 данамен таратылған. Суретшісі - Д.Мұхамеджанов. Маркалар Пекин пошталық төлем белгілері фабрикасында басып шығарылған.

22 жыл бұрын (1991) Алматыда ашылған Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атауға шешім қабылдады.

22 жыл бұрын (1991) Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев республика халқына Ант берді. Анттан кейін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Президент өз қызметіне кірісті деп есептелінді.

22 жыл бұрын (1991) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың республиканың Алмас қорын құру туралы Жарлығы жарық көрді.

22 жыл бұрын (1991) Алматы қаласында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мамандыққа бағыттандырылған арнаулы мектеп-интернатта батырдың ескерткіш мүсінінің ашылу салтанаты өтті.

8 жыл бұрын (2005) Астанада Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жұмағұл Сааданбековтың «Нұрсұлтан Назарбаев. Көшбасшылық заңдары» атты шығармасының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Дипломаттың бұл еңбегінде Елбасы саяси-әлеуметтік, әкімшілік реформалардың көшбасшысы ретінде қарастырылады, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы орасан еңбегі жайлы баяндалады.

8 жыл бұрын (2005) 10-13 желтоқсан аралығында Астанада І Халықаралық «Астана - Жас скрипкашы» байқауы болып өтті. Байқау «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Қазақ ұлттық музыка академиясының ұйымдастыруымен өткізілді. Шараға арнайы музыка мектептерінен келген төменгі топтағы 10-12 жас және жоғары топқа жататын 13-15 жастар аралығындағы оқушылар қатысты. Бас жүлдеге Қазақ ұлттық музыка академиясы жанындағы музыкалық мектеп оқушысы Лейла Ахметова мен Қырғызстаннан келген Айзада Болатбекқызы ие болды.

6 жыл бұрын (2007) Алматының «Алтын бесік» ықшамауданының бір көшесіне Әнет баба есімі берілді. Әнет баба Кішікұлы (1626-1723) - Тәуке ханның уәзірі, «Жеті жарғыны» жүйелеушілердің бірі. Бұхар медресесін тәмамдаған. Әнет баба билер институтын қалыптастыруда үлкен белсенділік танытқан. Туған жерінің азаттық пен бостандығы үшін, туған елінің бірлігі мен татулығы үшін күрескер болған. Өзінің бес ұлымен қатар жоңғар шапқыншылығы кезінде қаза тапқан.

4 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес процессуалдық заңнамаға келтірілген, елімізде үш буынды сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1928-1983) жазушы ШӘКЕНОВ Нұтфолла дүниеге келді.

Павлодар облысының Ақсу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Студент кезінен өлең, очерк, мақалалары баспасөз бетінде жарияланып, «Социалистік Қазақстан» газетінде, сосын «Пионер» журналында қызмет істеген. Университетті бітіргеннен кейін 20 жыл бойы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында аға оқытушы болған. Одан кейін Қазақ радиосында әдеби-драмалық хабарлар редакциясының бас редакторы, «Қазақстан пионері» газетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, жас әдебиетшілер жөніндегі жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 20-дан астам кітабы жарық көрген, жүздеген ән мәтіндердің авторы.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1958-2006) мемлекет қайраткері  РЯБЧЕНКО Олег Григорьевич дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Целиноград педагогикалық институтын, Мәскеу заң академиясын бітірген. 1986-1992 жылдары - Целиноград облыстық атқару комитетінің аға референті. 1992-1998 жылдары - Ақмола облысы әкімдігінің бөлім меңгершуісі. 1998-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаментінің директоры, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, бірінші вице-министрі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының ақпарат вице-министрі. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы, әлеуметтік-саяси бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болған.

35 жыл бұрын (1978) ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты БӘДЕЛҰЛЫ Жандос дүниеге келді.

Моңғол Халық Республикасының Баянөлгей аймағында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Жас Алаш», «Астана ақшамы» газеттерінде, «Фолиант» баспасында қызмет істеген. Қазір еларалық «Көш» газетінің бас редакторы. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады.

104 жыл бұрын (1909-1986) сәулетші, сәулет өнері ғылымының профессоры, КСРО құрылыс және сәулет академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы МЕҢДІҚҰЛОВ Малбағар дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ресей Федерациясының Орынбор облысында туған. Ташкенттегі Орта Азия индустрия институтын бітірген.

1953-1955 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының сәулет, құрылыс және құрылыс материалдары институтының директоры. 1955-1956 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы сәулет істері басқармасының бастығы. 1957-1962 жылдары - КСРО Құрылыс және сәулет академиясы қазақ бөлімшесінің жетекшісі. 1964-1971 жылдары - Алматы қаласының бас сәулетшісі. 1971-1981 жылдары - Қазақ политехникалық институты сәулет тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Көптеген ғимараттар жобаларының авторы, оның ішінде Алматыдағы шарап зауыты үйі мен Неке сарайын, Батыс Қазақстаңдағы мемориалды мешіт-ғимараттарды бір жүйеге келтіріп, ғылыми тұрғыда зерттеудің негізін калады.

Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Шопан Ата, Бекет Ата, Асан Қожа, Сейсен Ата кесене-кешендері жайлы құнды бірегей басылымдар жарық көрді.

Жауынгерлік Қызыл Ту, 1, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ол тұрған үйде мемориалды тақта орнатылған, Алматыдағы бульварға есімі берілген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында М.Меңдіқұлов стипендиясы мен үздік диплом бекітілген, аудитория ашылған.

103 жыл бұрын (1910-1971) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген шахтері СЕРҒАЗИН Файзолла дүниеге келді. Ақмола губерниясының Атбасар уезінде (Ақмола облысы) туған. Мәскеу тау-кен институтын, КСРО көмір өнеркәсібі академиясын, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітірген.

1929-1931 жылдары - Қазақ АКСР НКВД істері меңгерушісі. 1936-1950 жылдары - шахта телімі бастығы, «Қарағандыкөмір» трестінің инженер-диспетчері, шахтаның бас инженері, «Қарағандыкөмір» комбинаты ашық жұмыстары басқармасының бас инженері. 1952-1957 жылдары - «Ленинкөмір» тресінің басқарушысы. 1957-1963 жылдары - Қарағанды ауыл шаруашылығы кеңесі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары. 1963-1964 жылдары - Қарағанды облыстық өндірістік атқару комитетінің төрағасы. 1964-1967 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы. 1967-1970 жылдары - Қазақ КСР Көмір өнеркәсібі басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1970-1971 жылдары - «Қарағандыкөмір» комбинаты бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 2-дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған.


58 жыл бұрын (1955) «Ардфильм» компаниясының директоры, кинорежиссер, продюсер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘМІРҚҰЛОВ Ардақ Жамансарыұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтын бітірген. Темірбек Жүргенов атындағы Алматы көркем театр институтының (Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) оқытушысы, профессоры. 1988-1992 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері. 1992-1996 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры қызметтерін атқарған. 1996 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.

Ол түсірген «Отырардың күйреуі» фильмі Монреалда (Канада) өткен Халықаралық кинофестивальда ФИПРЕССИ сыйлығына, Фигейра да Фошта (Португалия) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряная пластина» сыйлығына, Ашхабадта (Түркменстан) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряный полумесяц» сыйлығына ие болып, Алматыда өткен «Қазақ киносы -бүгін» байқауында Гран-приді жеңіп алды. 1997 жылы режиссердің «Абай» атты фильмі Ташкент қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда «Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін» номинациясы бойынша «Серебряный Семург» сыйлығына ие болды. 2008 жылы «Қош бол, Гүлсары» кинофильмі Астанада өткен V Халықаралық «Еуразия» кинобайқауында Гран-приді жеңіп алған.

«Шанхай» кинофильміне продюссер болып, «Абай», «Записи Рустема с картинками», тағы басқа фильмдерді түсірген.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

57 жыл бұрын (1956) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі АЙСИНА Майра Араповна дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Костомаровка ауылында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін математика пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша; Алматы саясаттану және басқару институтын саясаттану мамандығы бойынша; Қазақ гуманитарлық-заң университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1974 жылы Қарағанды қаласы №27 орта мектебінің аға пионер жетекшісі болып бастады. 1975-1976 жж. - Қарағанды қаласы «Юбилейный» кинотеатрының мәдени-көпшілік жұмысын ұйымдастырушысы. 1976-1979 жж. - Қарағанды қаласы №49 орта мектебінің аға пионер жетекшісі. 1979-1980 жж. - Қарағанды қаласы №49 орта мектебінің кластан тыс және мектептен тыс жұмысты ұйымдастырушысы, математика пәнінің мұғалімі. 1980-1982 жж. - ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің нұсқаушысы. 1982 ж. - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің мектеп жастары мен пионерлер бөлімінің нұсқаушысы, Республикалық пионерлер ұйымының жауапты хатшысы. 1982-1986 жж. - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің мектеп жастары мен пионерлер бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Республикалық пионерлер ұйымы төрағасының орынбасары. 1986-1989 жж. - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің оқушы жастар мен пионерлер бөлімінің меңгерушісі. 1989 ж. - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің жастарға білім беру бөлімінің меңгерушісі. 1989-1991 жж. - Алматы саясаттану және басқару институтының тыңдаушысы. 1991-1992 жж. - Қазақ КСР халық депутатының көмекшісі. 1992-1993 жж. - «Жаңару» Қазақстанның әлеуметтік-экологиялық даму қорының әлеуметтік қорғау және бейімдеу секторының меңгерушісі. 1993-1994 жж. - Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің білім беру бөлімінің бастығы. 1994 ж. - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің жастар саясаты бас басқармасының бастығы. 1994-1995 жж. - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыру-кадр жұмысы бас басқармасының бастығы. 1995-1997 жж. - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыру жұмысы басқармасының бастығы. 1997-1998 жж. - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыру жұмысы басқармасының бастығы. 1997 ж. - Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің үйлестіру және бақылау департаменті ұйымдастыру және құжаттамамен қамтамасыз ету басқармасының бастығы. 1997-1999 жж. - Қазақстан Республикасы Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 1999-2001 жж. - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 2001 ж. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің консультанты. 2001-2003 жж. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі білім секторының меңгерушісі. 2001-2003 жж. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2003-2005 жж. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі білім секторының меңгерушісі. 2005-2006 жж. - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі. 2006 ж. - «Отан» Республикалық саяси партиясы Орталық аппаратының басшысы. 2006-2007 жж. - «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Орталық аппараты басшысының бірінші орынбасары. 2007-2011 жж. - IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракциясы Төралқасының мүшесі. 2012 жылғы қаңтардан бастап - V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» ХДП фракциясы Төралқасының мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері», «Қазақстан Республикасындағы туризмді дамыту ісіне сіңірген еңбегі үшін», Ы.Алтынсарин атындағы , «Ғылымдағы табыстары үшін» белгілерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» «Ерен еңбегі үшін» «Астана» «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.
Ағылшын тілін меңгерген.

61 жыл бұрын (1952) ҚР Жоғарғы сотының судьясы МАМЫРБАЕВ Рахымбек Нұрмұхаметұлы дүниеге келді.

Семей облысы Мақаншы ауданында туған. Саратов заң институтының «Құқықтану» факультетін бітірген (1978), заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты (2007). 1971 жылдан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1978 жылдың тамыз айынан - ШҚО Шемонаиха заңгерлік кеңесінің қорғаушысы. 1979 жылдың наурыз айынан - ШҚО Марқакөл, Глубокое аудандарының халық судьясы; Шығыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі, Шығыс Қазақстан облыстық соты төрағасының орынбасары, төрағасы. 1997 жылдың ақпан айынан 1999 жылдың қараша айына дейін - Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы. 2000 жылдың шілде айынан - Астана қалалық сотының азаматтық алқасының судьясы. 2002 жылдың ақпан айынан - ҚР Бас прокуратурасы департаментінің бастығы. 2003 жылдың наурыз айынан - Атырау облысының прокуроры. 2008 жылдың ақпан айынан - ҚР Бас прокурорының орынбасары. 2009 жылдың мамыр айынан бері - ҚР Жоғарғы сотының судьясы. ҚР Прокуратура органдарының құрметті қызметкері (2002). II дәрежелі «Даңқ» орденімен; «Астана», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

58 жыл бұрын (1955) Тараз қаласы әкімінің орынбасары ТОҒЫЗБАЕВА Күлімхан Майлыбекқызы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар институтын, Мәскеу жоғары комсомол мектебін бітірген.

1979-1992 жылдары - Жамбыл облысы Красногор ауданының «Путь к коммунизму» аудандық газетінің әдеби қызметкері. Красногор және қордай аудандарында комсомол және партия жұмыстарының қызметкері. 1992-2008 жылдары - Қордай аудандық әкімшілігі тұрғын үй комиссиясының жауапты хатшысы; Қордай ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, Тараз қаласы әкімінің орынбасары. 2008-2009 жылдары - «Нұр отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары. 2009 жылғы қазаннан - Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының бастығы.

254 жыл бұрын (1759-1805) неміс ақыны, философ, тарихшы және драматург Фридрих ШИЛЛЕР дүниеге келді.

125 жыл бұрын (1888-1972) кеңестік авиаконструктор, «ТУ» сериялы ұшақтар жасаушы ТУПОЛЕВ Андрей Николаевич дүниеге келді.

94 жыл бұрын (1919) кеңестік және ресейлік атыс қаруы конструкторы, Калашников автоматын жасаушы, техника ғылымдарының докторы КАЛАШНИКОВ Михаил Тимофеевич дүниеге келді.

85 жыл бұрын (1928) итальян композиторы және дирижер Эннио МОРРИКОНЕ дүниеге келді.

69 жыл бұрын (1944) қырғыз мемлекеттік және саяси қайраткері, ғалым, Қырғыз Республикасының 1990-2005 жылдардағы президенті, Ресей ғылым академиясының шетелдік мүшесі, Нью-Йорк ғылым академиясының толық мүшесі АҚАЕВ Асқар Ақайұлы дүниеге келді.

50 жыл бұрын (1963) кеңестік және ресейлік театр және кино актері ЕФРЕМОВ Михаил Олегович дүниеге келді.