10 жасар қазақ қызы шахматтан екінші рет әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды

Алматы қаласының атынан талай жарыстарда олжа салып жүрген талантты қызымыз бұл жолы Халықаралық жарыста қазақтың көк байрағын желбіретіп келіпті.

Грекиядағы әлем біріншілігі 87 елден 1400 қатысушы жинап, рекордтық көрсеткіш тіркелді. Швейцариялық әдіспен өткізілген турнирде барлығы 11 тур ойналды. Соның әр жастағы бөлімінде Қазақстаннан барлығы 18 шахматшы қатысты. Ал 10 жасқа дейінгі спортшылардың арасында Жансаядан өзге біздің елдің намысын қорғаған Бауыржан Арнаш пен Салтанат Мұратова болды.

11 турда бір де бір рет жеңіліс таппаған Жансая моңғолиялық Номинарде екеуі «алтын» жүлдені бөлісті. Ж. Әбдімәліктің айтуынша, оған ең қиын болған 5-6 турлар екен. Бір күнде ойналған қос тур 9 сағатқа созылған. Әсіресе, моңғол қызы Номинардемен өткен кездесуде қос мықты шахмат тақтасының алдында 5 сағат отырған. Десе де турнир қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті соңғы кездері көп коэфицент жинап жүрген моңғол қызына берді. Сөйтіп, Номинарде - бірінші, Жансая - екінші орынды иеленді. Екінші орынға тұрақтағанымен, алтын жүлделі болған Жансая алдағы уақытта ол қарсыласын жеңетініне сенімді екенін мәлімдеді.

Жарыс барысында алматылық жас дарынға демеушілік танытқан «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының өкілі Асқар Ырзаханов алдағы келе жатқан Азия және Әлем біріншіліктерінде, сондай-ақ шет елдегі турнирлерде шахматшыны тұрақты демеушілікке алатынын мәлімдеді.