Швейцарияның Лозанна қаласында өткен байқауға әлемнің түрлі ақша үлгілері ұсынылған. Олардың қатарында 100 АҚШ доллары, жаңартылған 5 еуро және ресейдің Сочи Олимпиадасына арналған мерейтойлық банкноты бар.
Тәуелсіз сарапшылар Күлтегін көне түркі жазбасы бейнеленген номиналы 1000 теңгелік ескерткіш банкноттың бірегей сапасы мен дизайнын жоғары бағалаған. Жиырмадан аса қорғаныш белгілері бар ескерткіш банкнотты Ұлттық банктің дизайнерлері Меңдібай Алин мен Дастан Машрапов тарих мамандарымен кеңесе отырып жасаған.
Он миллион данамен басылып шыққан банкноттың қорғаныш дәрежесі жетілдірілген. «Жылжымалы сурет, түстердің ауысуы, әсіресе бейненің қырынан қарағанда шығыңқы орналасуы - теңге жасау технологиясында алғаш рет қолданылып отырған әдіс, - дейді мамандар.
Ақша дизайнын жасап шығуға 2 жылдай уақыт кетеді екен. Сапа үшін төккен тер нәтижесіз емес. Қазақстанда 1 млн. дана ақшаға бір ғана жалған ақшадан келеді екен. Теңге банкноттарының халықаралық байқауда жүлде алғаны бірінші рет емес. Құрамында 90 мемлекеттен 2000-ға жуық сарапшы енген халықаралық банкнот қауымдастығының шешімімен 2011 жылы номиналы 10 мың теңгелік банкнот үздік деп танылса, 2012 жылы 5 мың теңгелік банкнот та жоғары бағаланған еді.