11 қыркүйек. Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

Мысырлық копттардың жаңа жылы. Бұл мерекені Копт шіркеуі жаңа жыл санауы бойынша қыркүйектің 11-інде (ескіше тамыздың 29-ы) атап өтеді. Копт жаңа жылы парсылықтар жаулап алғаннан бері парсы тіліндегі наурыз сөзімен аталады.

Эфиопияның Жаңа жылы. Қалың жауынның аяқталуы мен егін жинау мерзімінің басталуына тұспа-тұс келеді.

АҚШ-та патриоттар күні. 2001 жылғы Нью-Йорк және Вашингтон қалаларында орын алған лаңкестіктің салдарынан қаза болғандарды еске алу мақсатында бекітілген.

Украина киносының күні. Украина Президентінің 1996 жылғы 12 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген, жыл сайын қыркүйек айының екінші сенбісінде атап өтіледі.

Аргентинада мұғалімдер күні. Ұлы ағартушы, елдің бұрынғы президенті Доминго Фаустино Сармьентоның (1811-1888) қайтыс болған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

129 жыл бұрын (1883) Семей аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайды саяси қуғынға ұшыраған адамдар өздері жиған археологиялық және зоологиялық қазбалар негізінде ұйымдастырды. Аталмыш шараны ұйымдастыруға Абай Құнанбаев та қатысқан. Ол мұражайға барлық жасауымен киіз үй сыйға тартқан.

81 жыл бұрын (1931) Қарағанды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет 1935 жылға дейін «Большевистская кочегарка», ал 1935-1963 жылдары «Социалистическая Караганда» деген атаумен шығып тұрды. 1965 жылдан бастап қазіргі атымен шығады. Газет Ұлы Отан соғысы жылдары «Қарағанды комсомолы» танк колоннасының, «Нұркен Әбдіров» ұшағының, «Қарағанды әйелдері» әуе звеносының құрылысына қаржы жинауды ұйымдастырған. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Аптасына екі рет шығады, таралымы 15000 дана.

21 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен Жер мәселелері және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Атырау облысының Теңіз ауданын Құрманғазы ауданы деп өзгерту туралы қаулы қабылдады.

15 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.

11 жыл бұрын (2001) лаңкестер Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы мен Пентагондағы Қорғаныс министрлігі ғимаратына ұшақпен соқтығысты. Дүниежүзілік сауда орталығының 50 мыңға жуық адам еңбек ететін екі бірдей 110 қабаттық зәулім ғимараты жермен-жексен болды.

Осы жарылыстарға байланысты Елбасы Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Джордж Бушқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

5 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шоқан Уәлиханов» желкенді кемесіне қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдама берді.

Мемлекет басшысы экипаж мүшелеріне Қазақстан туын табыс етті. Бұдан кейін Қазақстанның Әнұраны орындалып, кемеде мемлекетіміздің туы көтерілді. Президент дүниежүзілік саяхатқа шыққан экипаж мүшелеріне сәт-сапар тіледі.

5 жыл бұрын (2007) Елбасы Каспийдегі жаңа «Ақтау Сити» қаласының алғашқы іргетасын қалады.

«Ақтау Ситиде» 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Тәуелсіздік аллеясы бой көтереді. Көптеген мәдениет және білім беру нысандары, бизнес орталықтар, қазіргі заманғы кәсіпорындар салынады.

Жобаның ашылу салтанатына Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі шейх Абдулла бин Заид әл-Нахайан, Әбу-Даби Мәдениет басқармасының төрағасы шейх Сұлтан бин Тахнун әл-Нахайан қатысты.

5 жыл бұрын (2007) Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп шығарылған «Туған тіл» журналының тұсауы кесілді.

Бұл басылым алғаш рет араб, латын және қазақ тілдерінде шығарылып отыр. Журналды шығару шет елдік қандастарымызға деген қамқорлықтың көрінісі.

5 жыл бұрын (2007) Павлодар облысының Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза болған «Ертіс орманы» табиғи резерват қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды.

2006 жылы Шалдай орманында күшті өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қайтыс болды. Төрт ай өткен соң ормандағы өртті сөндіру кезінде тағы да екеуі өмірлерімен қоштасты.

Ескерткіштің мәрмәр тасында орман шаруашылығы инспекторларының суреттері мен есімдері қашалып жазылған.

5 жыл бұрын (2007) Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 75-жылдығына орай мерекелік медаль шығарылды.

Медальдың айналасы шеңбермен қоршалып, жоғарғы жағы «БҚМУ» деген әдемі жазумен өрнектелген классикалық үлгіні аңғартады. Араб үлгісіндегі әріптер шашыраңқы, отшашу түрінде берілген. Жетпіс бес деген жазу бір-бірімен жалғасып, ерекше сән беріп тұр. Композицияның нақ ортасына аспандағы жұлдыздар тәріздес асыл тас салынған. Университеттің туған жылы асыл тастармен безендірілсе, медальдың шет жағы қырдың қызғалдағымен әсемделген. Бұл да кең даланың, студенттік жастық шақтың белгісі іспеттес.

М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 1932 жылғы 1 қазанда Орал қаласында педагогикалық институт ретінде құрылған, ол республикамыздың екінші педагогикалық институты болды. Институтқа КСРО халық ағарту комитетінің орынбасары М.Н.Покровскийдің, 1937 жылдан бастап институт А.С.Пушкиннің есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жылына 18 мамандығы бойынша 700 түлекті шығаратын ірі жоғары оқу орнына айналыды. 1996 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институты болып өзгертілді. 2000 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.

3 жыл бұрын (2009) қыркүйектің 11-12 аралығында Павлодарда «Эльпида» достарын жинайды» деген атпен Грек мәдениетінің фестивалі өтті.

Бұл шара Павлодардың Ертіс жағалауында өмір сүріп жатқан 500-ден астам гректің басын қосып отырған облыстық «Эльпида» этномәдени құрылымының 10-жылдығына арналып отыр.

Шараға республикамыздың басқа облыстарының, Ресей Федерациясының және Грекияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.

3 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығында мүгедек балаларды сауықтыру орталығы ашылды.

Оның негізгі мақсаты - тірек-қозғалу аппараттары зақымданған, психикалық дамуы тежелген, церебральды сал ауруына шалдыққан және т.б. зардап шеккен 3-тен 15 жас аралығындағы мүгедек балаларды медициналық сауықтыруға және әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсету. Орталық облыстың барлық аудандарынан және Ақтөбе қаласынан келген 40 баланы бір мезгілде емдеуге есептелген.

ЕСІМДЕР

44 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы, философия ғылымының кандидаты МАТАЕВ Ғалымжан Мұстафаұлы дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Философия институтының аспирантурасын, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетін бітірген. 1996-1999 жылдары - Философия және саясаттану институтының ғылыми қызметкері, маркетинг және халықаралық байланыстар жөніндегі ғылыми хатшы. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі, бірінші көмекшісі. 2001-2003 жылдары - Павлодар облысы әкімінің көмекшісі, әкім аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушы, басшысы. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

47 жыл бұрын (1965) режиссер, сценарист ҚАРАҚҰЛОВ Әмір Болатұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтын (қазіргі Т.К.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы), С.М.Киров Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематографиялық институтын бітірген.

«DArcy» жарнама агенттігінде креатив директоры, «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют-реклама» жетекшісі, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.

«Разлучница», «Голубинный звонарь», «Последние каникулы», «Жылама», «Нереальная любовь» фильмдерін түсірген.

83 жыл бұрын (1929-1996) техника ғылымының докторы, профессор, Халықаралық Инженерлер Академиясы мен Қазақстан Республикасы Инженерлік Академиясының академигі, инженер-технолог, Қазақстанның еңбегі сіңірген құрылысшысы ПӘРІМБЕТОВ Беркімбай дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ химия-технология институтын, КСРО Халық шаруашылық басқару институтын бітірген. 1954-1965 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясында, КСРО Құрылыс және сәулет академиясында, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің құрылыс бөлімінде, КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі мемлекеттік комитетінде әр түрлі қызметтер атқарды. 1965-1973 жылдары - Қазақстан Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі. 1973-1979 жылдары - КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақстан Министрлер Кеңесінің тұрақты өкілі. 1979-1984 жылдары - Қазақстан Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрі қызметтерін атқарған. 1984-1996 жылдары - Мемлекеттік құрылыс комитетінің жобалау конструкторлық «Казоргтехстром» институтының директоры қызметін атқарды.

Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері анорганикалық байланыстырғыш материалдардың қатаю процестерін, құрылыс материалдарының коррозияға төзімділігін, құрылыс материалдарын өндіру үшін өнеркәсіптік минералды қалдықтарды пайдалануға арналған.

1974 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығына ие болған.

3 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

118 жыл бұрын (1894-1956) украин кинорежиссері, кинодраматург, жазушы, РКФСР-дің халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері ДОВЖЕНКО Александр Петрович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Чернигов облысында туған. Глуховскийдегі мұғалімдер институтын бітірген. Кинодағы қызметін 1926 жылы бастады. 1927 жылы тұңғыш рет ғажайып-хикаялы «Дипкурьердің сумкасы» атты фильм қойып, өзі пеш жағушының рөлін ойнаған. 1930 жылы өзінің сценариі бойынша жасалған «Жер» атты фильмі оның есімін дүние жүзіне әйгілі етті. Ол киноның көркемдік тәсілдерін өркендету жолына үлкен үлес қосты. Киев көркемсуретті фильмдер киностудиясына оның есімі берілген.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

135 жыл бұрын (1877-1926) кеңестік мемлекет қайраткері, бірқатар наркоматтардың басшысы, Бүкілодақтық Төтенше комиссариаттың негізін қалаушы, «қызыл террорды» ұйымдастырушылардың бірі Феликс ДЗЕРЖИНСКИЙ дүнеге келді.

101 жыл бұрын (1911-1969) жазушы, аудармашы СЛАНОВ Ғабдол дүниеге келді.
Ғ.Сланов 1911 жылғы 11 қыркуйекте Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Мақаттағы мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істеді. 1930 жылы Алматыға аттанады, 1931 жылдың сәуірінде "Еңбекші қазақ"(қазіргі "Егемен Қазақстан") газетіне жұмысқа қабылданады, 1940 жылдың күзіне дейін әдеби қызметкер, кейін бөлім меңгерушісі. Бұл жылдары оның қаламынан тамаша әңгімелер, очерктер, фельетондар туып, журналистік шеберлігі нығая түседі. 1938 жылы Ғабдол Слановтың "Өмірдің асқан биігінде" атты очерк, әңгімелер жинағын шығады. Ал, 1939 жылы "Арман ағысында" повесі жарыққа шығып, Ленин комсомолының 20 жылдығына арналған республикалық конкурста сыйлыққа ие болып, 1940 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Ғ.Слановтың келесі шығармасы - "Дөңасқан" 1941 ж. жарық көрді. Бұл роман 1958 ж. және 1965 жылдары екі мәрте "Степь да степь" деген атпен орыс тілінде басылып шықты Ғ.Сланов шығармалары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов шығармаларымен қатар қазақ прозасының қалыптасуы мен дамуына қосылған дүниелер болды. Автордың өзі жазушы ретінде кеңінен таныла басталады. Араға біраз жылдар салып 1945 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Атырау мұнайшыларының еңбегін суреттейтін "Жаңартау" романы жарыққа шықты. Роман қазақ әдебиетіндегі елдегі жұмысшы табына, Қазақстан мұнайшыларына арналған алғашқы шығарма болып саналады. 1949 жылы "Кең өріс" деген атпен повесть күйінде, ал қайта өңделіп, көлемі ұлғайып, 1954 жылы "Шалқар" деген атпен роман болып басылып шықты. Кейін "Шалқар" романы "Советский писатель" баспасынан орыс тілінде басылып шықты. 1963 жылы жазылған "Асау арна" романы Жетісудағы жұмысшы табының қалыптасуына арналған. Бұл роман да орыс тілінде басылып шықты. Жазушының соңғы және аяқталмаған шығармасы "Айқайтас" романы. Ғ.Сланов тек проза саласында ғана өнімді еңбек етіп қана қойған жоқ. Сондай-ақ, ол тамаша очерк жазушы, нағыз публицист, талантты журналист ретінде танылды. Оның көптеген очерктері, көкейтесті мәселелер бойынша мақалалары алты томдық жинағына енді. Ғ.Сланов қаламынан ақберен батыр, дауылпаз ақын Махамбетке арналған бірегей драмалық шығарма туды. Пьеса М.Әуезов атындағы академиялық театрдың және жергілікті облысаралық драма театрының сахналарында қойылды. Жазушы аударма саласымен де шұғылданады. Ол А.Фадееевтің "Жас гвардия" романын қазақ тілінде аударды.

95 жыл бұрын (1917-1989) Филиппин президенті Маркос ФЕРДИНАНД дүниеге келді.

77 жыл бұрын (1935-2000) кеңестік ғарышкер-ұшқыш Герман ТИТОВ дүниеге келді.

Алтай өлкесі, Косихин ауд. Верхнее Жилино селосында туған. Кеңес Одағының Батыры (1961). авиац. ген.-майоры (1975). 1957 ж. қазіргі Волгоград әскери авиац. уч-щесін бітіріп, Санкт-Петербург әскери округінің авиац. бөлімдерінде әскери ұшқыш болды. 1960 ж. ғарышкерлер қатарына алынды. 1961 ж. 6 - 7 тамызда адамзат тарихында екінші болып «Восток-2» ғарыш кемесімен ғарышқа сапар шекті. Т. кемемен Жерді 17 рет айналып шығып, ғарышта 25 сағ. 11 мин болды. Ол Н.Е. Жуковский атынд. инж. академияны (1968) және К.Е. Ворошилов атынд. Бас штабтың академиясын (1972) бітірген. КСРО Жоғ. Кеңесінің депутаты. Ленин ордені және бірнеше медальдармен марапатталған. 1964 ж. «Жақаевшылар қозғалысы» бастамасын қолдау мақсатында белгілі күрішшілер Ы.Жақаев, Ә.Тоғызбаев, Б.Мұстапаевалармен кездескен. Титов Қызылорда қаласының Құрметті азаматы. Айдың көрінбейтін жағындағы кратердің біріне Титов есімі берілген.

76 жыл бұрын (1936) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының құрметті директоры ОРМАНТАЕВ Камал Сәруарұлы дүниеге келді. Ірі ғалым, бірқатар басымдықты ғылыми бағыттардың негізін қалаушы, педагог және жоғары білікті хирург, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2000 және 2003 жылдарда «Алтын адам» атағына ие болды. ҚР профилактикалық медицина академиясының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. «Парасат» орденімен марапатталған.

75 жыл бұрын (1937) кеңестік және ресейлік эстрада әншісі, қоғам қайраткері, РФ Мемлекеттік думасының депутаты Иосиф КОБЗОН дүниеге келді.

47 жыл бұрын (1965) 2000 жылдан Сирия президенті Башар Хафез аль-Асад дүниеге келді. Ол бұл таққа өзінің әкесі Хафез аль-Асадтан мұраға алып отырды. .