12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мерзімі өзгермейді

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша 12 жылдық білім беру жүйесіне 2015 жылы көшеміз. Жаңа жүйеге көшу мерзімі өзгермейді», - деп дүйсенбі күні мәжілісте өткен үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

Оның айтуынша, «орта мектептерде жасы 11-ден асқан балалар саны артып, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында керісінше, кемиді деген болжам бар». «Бұл бала туу көрсеткіші төмендеген 90-шы жылдардың жаңғырығы, қазір ЖОО мен колледждерде бос орындар пайда болуда», - деді министр.

«Сондықтан 2015 жылы 1-сыныптан бастап жаңа стандарт әзірлеп, енгіземіз. 5-9-сыныптарда оны мазмұндық жағынан жаңартып, 12-сыныпты ЖОО базасы бойынша оқытуды ұсынып отырмыз. Яғни, жан басына қарай қаржыландыру стандартын енгіземіз. Дербес ЖОО 12-сыныпты бітіргісі келетін балаларға арнап бір жылдық курс ұйымдастырса болады», - деді А.Сәрінжіпов.

Оның айтуынша, бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесі де 2015 жылдан бастап реформаға ұшырамақ.


«ҰБТ жүйесі жаңғыртылады. 2014 жылы бұрынғы қалпында сақталып қалады. 2015 жылы жаңа элементтер енгіземіз», - деді министр.