Стандарттаудың халықаралық күні. 1946 жылғы қазанның 14-інде Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты.
Халықаралық апатты зілзалалардың қаупін азайту жөніндегі күні. 1989 жылғы 22 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 44/236 қарарымен қазанның екінші сәрсенбісін Апатты зілзалалардың қаупін азайту жөніндегі халықаралық күні деп жариялаған қаулы шығарды. Бұл Халықаралық күн 1990-1999 жылдарғы Апатты зілзалалардың қаупін азайту жөніндегі халықаралық онжылдық кезеңінде жыл сайын аталып отырды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
66 жыл бұрын (1946) Қазақстан КП ОК жанындағы Республикалық партия мектебі ашылды.
12 жыл бұрын (2000) Астанада К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры өзінің алғашқы театрлық маусымын ашты. Театр сахнасында М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара», Дж.Вердидің «Травиата», П.Чайковскийдің «Аққу көлі» опералары қойылды. Бүгінгі таңда театр репертуарында Л.Минкустың «Дон Кихот», А.Аданның «Жизель», Б.Астафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» сияқты 20-дан астам қойылымдары бар еліміздегі ең жас театр сахнасында Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының, Қазақ ұлттық музыка академиясының, А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің түлектері және басқа да театрлардан шақырылған әртістер өнер көрсетеді.
10 жыл бұрын (2002) Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, салтанатты жағдайда, жаңа халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды.
73 жыл бұрын (1939) Жамбыл облысы құрылды. Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан. Облыстың әкімшілік орталығы - Тараз қаласы.
Құрамына 10 аудан, 1 облыстық деңгейдегі, 3 аудандық деңгейдегі қалалар кіреді. Облыс түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптайтын, төсейтін және техникалық мақсаттағы тастарға, құрылыс материалдарына бай.
Облыста қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 5 мұрағат, кітапханалар, клубтар мен мәдениет үйлері бар. Тараз қаласының аумағында б.э.д. X-XI ғасырлардан сақталған Айша-Бибі және Бабажа қатын сағаналары, X-XIII ғасырлардан қалған Қарахан мен Дәуітбек сағаналары орналасқан.
18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы Ресейдің Төтенше және Өкілетті Елшісі В. Долговтан және Қазақстан Республикасындағы Ватиканның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Әулиелі тақтың апостолдық нунцийі Мариан Олледен сенім грамоталарын қабылдады.
18 жыл бұрын (1994) Астананың Революция көшесінде (қазіргі Сейфуллин к-сі) ақын Сәкен Сейфуллиннің 100-жылдық мерейтойына орай ескерткіші ашылды.
18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Шөлге айналумен күрес жөніндегі конвенциясына (БҰҰ ШКК) қол қойып, 1997 жылдың 7 шілдесінде бекітті. Сол жылғы 9 шілдеде Қазақстан Конвенция Тарапы болды.
13 жыл бұрын (1999) «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары құрылымын жетілдіру жөніндегі және олардың құзыреттерін анықтау шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы басылым бетіне шықты.
3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нормативтік құқықтық актілер жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті сараптаманы кезең-кезеңмен енгізуді көздейтін «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ғылыми сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама өткізу мәселелері бойынша өзгертулер енгізу туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2009) БҰҰ-ның Мәскеудегі ақпараттық орталығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қоғамды түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» кітабының таныстырылымы өтті.
Кездесу аясында ресейлік және қазақстандық ғалымдар талдап жасаған 2050 жылға дейінгі «Өркениеттер болашағы және өркениетті серіктестік стратегиясы» жаһандық болжамының ІХ бөлімі таныстырылды.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстанда www.yandex.kz порталының іздестіру жүйесі ашылды. Яндекстің порталында қазақстандық пайдаланушыларға бағдарланған барлық негізгі қызметтері ұсынылған. Онда іздестіру қазақ және орыс тілдерінің морфологиясын ескереді, сондай-ақ пайдаланушылардың локалдық сұраныстарына жергілікті сайттарды көрсетумен жауап береді. Мысалы, «Конституция» деген сұраныс бойынша - Қазақстан Республикасы Ата заңының мәтінін береді. Пайдаланушылар іздестіру тілін қазақ және орыс тілдерінде қолдана алады. Сондай-ақ порталда Астана және Алматы қалаларының толық әрі дәл карталары, жергілікті пойыздар мен ұшақтардың қозғалыс кестесі пайда болды.
161 жыл бұрын (1851) Англияда әлемдегі ең ірі ақпарат агенттіктерінің бірі Рейтер құрылды.
86 жыл бұрын (1926) ағылшын жазушысы Алан Милннің «Винни-Пух туралы» кітабы жарық көрді.
41 жыл бұрын (1971) алғаш рет Mariner 9 аппараты арқылы түсірілген Марс суреті жерге жеткізілді.
ЕСІМДЕР
119 жыл бұрын (1893-1977) геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері НЕХОРОШЕВ Василий Петрович дүниеге келді.
Ресейдің Орынбор қаласында туған. Петроград кен институтын бітірген. 1919-1977 жылдары Бүкілодақтық геология институтының (қазіргі Санкт-Петербор) аға геологы, аға ғылыми қызметкері болды. Алтай мен Орталық Қазақстанның девон және таскөмір дәуірлерінде өмір сүрген омыртқасыз жануарлары - мшанкілерді зерттеді. Тархан, Бұқтырма, Үлбі, Кіші Үлбі, Тақыр тау жыныстарының орналасуын анықтады. Кенді Алтайда кен орындары орналасуының 7 түрін анықтады, соның ішінде полиметалдық, сирек металдық белдеулер, т.б. Негізгі ғылыми еңбектері тектоника және метталогения мәселелеріне арналған.
«Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
99 жыл бұрын (1913-1999) ақын, жазушы ГЕНКЕ Герберт дүниеге келді.
Ресейдің Житомир облысында туған. Энгельс қаласындағы педагогика институтын бітірген. Неміс тілінде шығатын журналдар мен газеттердің редакцияларында, Қазақ радиосында қызмет істеген. Оның «Фрау Волга», «Көктем», «Бал мерекесі», «Көгілдір жаңғырық», «Алхорылар», «Баспалдақ», «Круговорот» өлең және әңгімелер жинақтары жарық көрген.
Бірнеше медальдармен марапатталған.
113 жыл бұрын (1899-1974) саяси қайраткер СКВОРЦОВ Николай Александрович дүниеге келді.
Ресейдің Астрахань облысында туған.
Мәскеу жоспарлау комитеті жанындағы жоғары экономикалық курсты бітірген. 1917-1922 жылдары Қызыл гвардия қатарына кіріп, кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысты. 1922-1933 жылдары Астрахань, Ростов облыстарында жауапты партия, кеңес қызметтерінде болды. 1933-1938 жылдары БК(б)П Орталық Комитетінің аппаратында жұмыс істеді. 1938-1945 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы болды. Н.А.Скворцов билігі кезінде Қазақстанды кеңестендіру одан әрі күшейді. Соғыс басталысымен республикаға қуғынға ұшыраған ұлт өкілдері көшіріп әкелінді. Мәдениет пен өнер саласында біраз шұғыл шаралар жүзеге асырылды. Қазақ әндері мен музыкасы түгелге жуық нотаға түсіріліп, Қазақ мемлекеттік филармониясында симфониялық оркестр, хор капелласы ашылды. Ұлттық музыканттарды Мәскеу, Ленинград консерваторияларында, ГИТИС-те оқыту ұйымдастырылды.
Ұсақ елді-мекендер ірілендіріліп, ұжымшарлар біріктірілді. 2047 шақырым темір жол салынып, қысқа мерзімде Ақмола - Қарталы жолы іске қосылды. Соғыс кезінде ұрлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілді.
Н.Скворцов 1945-1966 жылдары Мәскеуде одақтық дәрежедегі жауапты қызметтер атқарған.
2 рет Ленин орденімен, 1-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
48 жыл бұрын (1964) жазушы-драматург МҰҚАНОВА Роза дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.
Орталық мұражайдың Әдебиет және өнер бөлімінде, Қазақстан Жазушылар одағының Аударма коллегиясының аға редакторы, ҚР Ақпарат министрлігінің жауапты қызметкері болған.
«Жарық дүние», «Қыз жылаған», «Дүние кезек», «Құдірет-Кие», «Мәңгілік бала бейне» әңгімелері мен драмалық шығармалардың авторы. 2001 жылы Рабғұзидің «Қисса-сүл-Әнбий-я» кітабын қазақ тіліне тәржімалаған.
1996 жылы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Мәңгілік бала бейне» пьесасы қойылды. 1997 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында М.Әуезовтың «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде жазылған драмалық қойылымы сахналанды. 2001 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз жылаған» әңгімесінің желісімен кино түсірілді.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
107 жыл бұрын (1905-1972) халық ақыны, күйші, әнші ЖҮСІПОВ Мұзарап дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Жастайынан ақындық топқа түсіп, әншілік, ақындық өнерге бейімделді. Оның өнерпаздық дарынының қанаттануына Сыр бойының атақты ақын-жыраулары Омар, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, т.б. үлкен ықпал етті. Ол халық ауызындағы ертегі, аңыздардың желісі негізінде «Тамшы», «Үш насихат», «Самұрық», т.б. дастандарын шығарды. Өз жанынан «Жастармыз», «Тасқын», т.б. әндер, «Көркем қыз», «Шаттық», т.б. күйлер шығарған. Оның әдеби мұрасы Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазба қорында сақтаулы.
32 жыл бұрын (1980) спортшы НАЗАРОВ Ардақ дүниеге келді.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы (1999, Алматы). Ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы (2004, Хабаровск, Ресей, 2005, Сеул, Корея) және әлем кубогының иегері (2004, Хабаровск, Ресей). Еуразияның екі мәрте чемпионы (2001, Астана, 2002 Қарағанды). Азия чемпионы (2003, Бішкек, Қырғыстан). Еуропа - Азия матчтық кездесуінің жеңімпазы (2005, Екатеринбург, Ресей). Еуропа чемпионы (2007, Таллин). Санкт-Петербор, Бішкек, Владивосток, Сеул қалаларында өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
96 жыл бұрын (1916-1997) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЕРҒАЛИЕВ Хамит дүниеге келді.
Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1945-1950 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері. 1950-1957 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі. 1958-1959 жылдары Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия секциясының меңгерушісі болған. Ақынның 30-ға тарта жыр жинақтары, «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» атты поэмалары бар. Ақын поэзиясында Азамат соғысының отты жылдары, Украин халқының ұлы ақыны Т.Шевченко тағдыры, академик, композитор А.Жұбанов бейнесі, дәуіріміздің басқа да өзекті мәселелері көркем бейнеленген. Сонымен қатар оның қаламынан туған әңгімелер мен естеліктер, әдеби мақалалар мен эсселер де бар. Ол Д.Байронның, П.Неруданың, Н.Хикметтің, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, А.Некрасовтың, В.Маяковскийдің, Р.Ғамзатовтың, А.Сурковтың кейбір поэзиялық туындыларын, Шекспир сонеттерін қазақ тіліне аударған. Қырғыз халқының «Манас», қарақалпақ халқының «Қырық қыз» эпостарын қазақ тіліне тәржімалауға ат салысқан. Ақынның өз шығармалары да бірқатар шет ел тілдеріне аударылған.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», 1-2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
81 жыл бұрын (1931-2002) құрылыс инженері, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы ҚУАТБАЕВ Қуанғали дүниеге келді.
Атырау облысының Жылыой ауданында туған. Ленинград технология институтын бітірген. Қазақстан ҒА Құрылыс және құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан Құрылыс және сәулет академиясы Қазақ филиалында, Алматы құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу және жобалау институтында қызмет еткен. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері силикат пен құрылыс материалдарының химиялық технологиясына арналған. Оның ғылыми ұсыныстары Ақтөбе, Астана, Қостанай, Орал, Семей, Павлодар, Теміртау, Қырғыстанның Иваново, Өзбекстанның Жизақ, Ресейдің Қиыр Шығыс зауыттарындағы силикат материалдарына енгізілді. Қуатбаевтың 500-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 10 монографиясы бар. Еңбектері ағылшын, неміс, венгр, румын тілдерінде жарияланған. Оның тікелей араласуымен құрылысқа қатысты 35 нормативтік құжат әзірленген. Ол 100-ге тарта авторлық куәліктің иесі.
«Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.
66 жыл бұрын (1946) ақын ӨТЕГЕНОВ Айтуар дүниеге келді.
Атырау облысының Жылыой ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Құлсары аудандық газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық газетінің редакторы, Бейнеу аудандық кеңесінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, Бейнеу аудандық мәслихатының хатшысы болған. Ақынның «Тұңғыш», «Ақкөйлек», «Арманым саған ауған», «Қарашүңгіл-қаракөзім тұңғиық» атты кітаптары жарық көрген. сонымен қатар «Жалын» баспасынан шыққан «Бір нәзік сәуле», «Атырау айдыны» ұжымдық жинақтарына бір топ өлеңдері, «Қазақстан» баспасынан шыққан «Азаматтық парыз» ұжымдық жинағына бір топ очерктері енген.
122 жыл бұрын (1890-1969) АҚШ-тың 34-ші президенті (1953-1960), американдық мемлекет және әскери қайраткері Дуайт ЭЙЗЕНХАУЭР дүниеге келді.
66 жыл бұрын (1946) кеңестік және ресейлік кинорежиссер, сценарист, Ресей халық әртісі ЧУХРАЙ Павел Григорьевич дүниеге келді.
64 жыл бұрын (1948) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ЦХАЙ Юрий Андреевич дүниеге келді.
Жамбыл облысының Новотроицк ауылында туған. Қырғыз дене шынықтыру институтын бітірген. Дене шынықтыру және спорт оқытушысы.
Жамбыл облысы «Локомотив» спорттық қоғамы аудандық кеңесінің жаттықтырушысы, орта мектеп мұғалімі, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары, Жамбыл облысы, Қазақстан құрамасы, ҚСРО құрамасы боксшылар командаларының аға жаттықтырушысы, Корея Республикасы боксшылары құрама командасының жаттықтырушысы, «Достар» компаниясының президенті, «KUAT» корпорациясы» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Каспий Банкі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Агромашхолдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Каспий инвестициялық холдингі» АҚ төрағасы болып жұмыс істеген.
Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының вице-президенті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. «Қазақстан корейлері Қауымдастығы» РҚБ-нің президенті. «Достық», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен, Корея Республикасының алтын омырау белгісімен марапатталған. ҚСРО және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
64 жыл бұрын (1948) Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары МАМАШЕВ Талғат Асылұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Байсерке ауылына туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын бітірген.
Еңбек жолын Алматы мақта-мата комбинатында электриктің үйренушісі, электр монтері, сласарь, комосол комитетінің хатшысыболып жасады. Комсомол, кеңес, партия жұмыстарында басшылық қызметтерде болды. 1991 жылдан Қазақстан КП Алматы облыстық комитетінің хатшысы, Алматы облыстық атқару комитеті төорасы орынбасарының міндетір атқарушы. 1992 жылдан Алматы облыстық әкімшілігі әкімінің орынбасары. 1994 жылдан ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ҚР Мәдениет министрі. 1997 жылдан Мәдениетті қолдау ұлттық қорының басқарма төрағасы. 2005 жылдан қазіргі қызметінде.
«Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендермен, мерекелк медальдармен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
49 жыл бұрын (1963) ресейлік сәнгер, Ресей халық суретшісі ЮДАШКИН Валентин Абрамович дүниеге келді.