16 млн теңгеден астам қарызы бар түркістандық жүргізуші ұсталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияға республикалық маңызы бар Шымкент – Самара тасжолында іздеуде жүрген Haval көлігінің банк есебіне өтелмеген 16 миллион теңгеден астам қарызы бар екені белгілі болған. Ақпарат бойынша бірден іске кіріскен патрульдік полиция батальонының қызметкері аталмыш көлікті тоқтатқан.

Белгілі болғандай, ер адамның банкке несие бойынша қомақты қарызы бар болып шыққан. Ол соңғы 9 айдан бері қарызын төлемей жүргендіктен, полицияға сот орындаушысынан қаулы келіп түскен. Көлік Ордабасы ауданындағы арнайы айыптұраққа қойылған.

Полиция облыс тұрғындарына қандай да бір төленуі тиіс берешегі болса, уақытылы өтеуге шақырады. Сондай-ақ кез келген құқық бұзушылық үшін заң аясында шара көрілетінін хабарлайды.