Тәуелсіздік – тірегім
Көзіме бүгін жас келіп тұр, халайық,
Әрбір істі зердеге алып қарайық.
Тәуелсіздік жолына жан пида еткен,
Ерлерімізді есімізге алайық.
Жүрмейікші жүнжіп босқа түнеріп,
Еске алайық, есімдерін білелік.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ,
Алмайықшы екі қолдан жіберіп.
Жиырмадағы жалындаған жасында,
Қаншама жас азап шекті расында.
Желтоқсанның ызғары өтіп кеудеден,
Қарсы тұрды Колбин қосқан қосынға.
Соны ойласам елжірейді жүрегім,
Өздері өліп, қорғап қалды Ұлы елін.
Желбіресін көк байрағы халқымның,
Тәуелсіздік болсын мәңгі тірегім.
******************************************
Көтермей жүгін мазақтың,
Көнбей ісіне азаптың;
Тағдырдың сыйын көрді артық
Татқанша дәмін азаптың.
Қызғалдақ-ғұмыр қиылды,
Қаһарман қызы қазақтың.
Арын таптатпай өтті ару,
Қыршын жасында аз-ақ күн.
Енді туды ғой ел болып,
Аңсап өткен ол азат күн.
Ұмытпас атын ұрпақтар
Жарқ еткен жұлдыз Ләззаттың.
*******************************
Он алты жасында от болып,
Жарқырап жанған шоқ болып.
Жаналғыш солдат зорлады,
Жауыздар кілең топ болып.
Жауқазын-көңіл жаншылды,
Жаманатты бастан өткеріп.
Жанына салған жарадан
Жауына жаман кектеніп;
«Қорлыққа мұндай көнгенше,
Кетейін, - деді, - жоқ болып».
Кешегі қанды күндерде
Атылды жауға оқ болып.
Арманы оның ақталды
Басына елдің бақ қонып.
********************************
Өзегі – толы өрт болған,
Жүрегі – шерлі дерт болған.
«Елімді азат етем», - деп,
Ерлерге лайық серт болған.
Бойына рухы бабаның
Қасиет болып кеп қонған.
Халқының көріп қайғысын,
Көкірегіне кек толған.
«Жалтақ боп қалған еліме
Жастар болады, - деп, - қорған».
Ақжазықтан ұшқан аққу ең,
Алматыға келіп, мерт болған.
*********************************
Арналып оған алтын-жыр,
Аңыз қып атын халқым жүр.
Ерлігін Ләззат қызының
Ел болып бүгін айтып жүр.
Алтынай сынды анасы
Азабын әлі тартып жүр.
Жиырма бес жыл бойы жоқтаумен
Үкіметке үміт артып жүр.
Алайда, кейбір керауыз
Таратты сыбыс салқын бір:
«Алаңда болған жоқ ол», - деп,
Аузына келгенді тантып жүр.
*************************************
Азаттықтың аппақ таңы үшін,
Ұлтының ұлан-бағы үшін
Опат болды ғой оғыландар,
Бас бақпай шыбын жаны үшін.
Соларды қорлап біреулер,
Сандырақтайды наны үшін.
Саясат үшін сандалап,
Тауық боп терген тарысын.
Ерлердің ісін ермек қып,
Еселеп жүр ғой табысын.
Жазасын алсын жендеттер,
Төгілген нақақ қан үшін.
Аузына келгенді айтпасын,
Арудың таптап намысын.
Шаханов ақын шамданды
Қаһармандардың халі үшін.
Ақ-қараны берді айырып,
Ақиқатты елім танысын!
Арашалайық, ағайын,
Жігерін қайрат жанысын.
Ұрпақтардың бойына
Ұлттық рух дарысын.
Күресейік, халайық,
Шындықтың шырқау әні үшін.
Тіл менен дінім, діл үшін –
Бағалы бізге бәрі үшін.
Асанова Ләззаттың
Ақ періштедей ары үшін.
Ешкім де мазақ қылмасын
Елімнің асыл арысын.
*****************************
Көзінен жасы бұршақтап,
Көңілінен қайғы моншақтап;
Қаншама ұлан қаза боп,
Қара жамылды ел сол шақта-ақ.
Желтоқсан – менің жеңісім,
Туымды берік тұр сақтап.
Қара күйе жақса оған әлдекім,
Халқымыз кімге мұң шақпақ?!
Қайрат пен Ләззат бастаған
Қаһарман жастар жыр саптап;
Шетінен шейіт ерлерді
Жүректерінде жүр сақтап.
Бұлқынып бұла рухым,
Іздейді жаңа, тың соқпақ.
Шыдамның шынжыры үзілер
Тиісе берсе тіл шақпақ.
Жанартау-жүрек жарылар
Мың күнде емес, бір сәтте-ақ!
************************************
Желтоқсан – менің жалыным,
Жел болып соққан сарыным.
Алысамын деп алаңда,
Жығылған жастың жанымын.
Төбемнен ұрып шоқпарлар,
Төгілген мұзға қанымын.
Алқымға келіп тіреліп,
Айтылмай қалған әнімін.
Зая боп еткен еңбегім,
Қайратым менен қарымым.
Желге ұшқан асау алымым,
Жер құшқан асыл дарыным.
«Қазақстаным менің!» деп,
Қар құшқан қайран тәнімін.
Жанарынан ұлттың жас болып,
Топыраққа түскен дәнімін.
Қайраттың қайсар жырымын,
Ләззаттың әппақ арымын.
Кебінге ораған ерімді
Кебенек ішінен таныдым.
Желтоқсанда ащы аяз боп,
Жендеттің бетін қарыдым.
Ашылмаған соң ақиқат,
Арызымды айтып, налыдым.
Қара жерге көмілді-ау
Талай да тарлан алыбым.
Қан менен терге шомылған
Қазақтың асқақ жанымын!
«Халқым» деп соғар жүрегім,
Сөнгенше соңғы жарығым!..
******************************************
Желтоқсанның желі, аязы, ызғары
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.
Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,
Талай қазақ гүлдерін де солдыра,
Ел билеуге алып келді Колбинді
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.
Егемендік – бұл елімнің елдігі,
Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік – елін, жерін қорғаған,
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.
Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерге сақтау керек үнемі
************************************
Жиырма жыл, жиырма жыл азаттық,
Өзімізді құрсаудан да босаттық.
Ақтадық біз ата-баба үмітін,
Қолда қазір көк ту менен бостандық.
Желтоқсанның қанды суық ызғары,
Қалың әскер қазағымды қорлады.
Тәуелсіздікті қолдаған жастардың
Отан үшін табандары тозбады.
Жүректе намыс оты лапылдаған,
Күш-жігері жастардың сарқылмаған.
Отан үшін олар шығып алаңға
Қарсы ағып өзендей тасқындаған.
Болмасам да сол кезде мен сеземін
Жүректе намыс оты сөнбегенін,
Ызғарына аяздың төзгендерін,
Бұл күннің оңайлықпен келмегенін.
Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі.
Татту-тәттібоп халқымыз әрқашан,
Кетпесін туған жердің берекесі.
**************************************
Тәуелсіз ел тарихы!
Ерте заман,о бастан қазақ халқы,
Ел болуға талай ғасыр шайқасты
Үйсін,сақтар ғұндардың патшаменен батыры,
Еуропаның төріне,даңқы өрлеп жайғасты,
Алла бізге сыйлады еркіндік пен елдікті,
Оған қоса берген ғой сабырлық пен теңдікті
Зар заманда бірігіп,жұдырық пен найзасы
Қорғады ғой өле-өлгеншебасқа ұлт пен теңдікті.
Еділ патша ұрпағы Абылаймен жалғасып,
Елдік үшін күрестік тайсалмастан сан ғасыр
Бастан кешкен зар заман,отаршылдық езгісін,
Болашағы елімнің,бүгінгі ұрпақ көрмесін!!!
Автор: Әдікенова Марфуға
*******************************************
Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!
Ендіктерді аралап еркін дүбір,
Алаулатты керемет көркіңді нұр.
Алақайлап аспанға атып тұрып,
Берекелі бастағы бөркіңді бір...
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Әдіптеді арманды әуелгі үміт,
Кекете алмас қазақты жау ел күліп...
Тәуелсіздік туындай биік еңсең,
Кетті бүгін келмеске тәуелділік...
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Төрт түліктен майысып арқа, белдер,
Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер...
Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін
Танығысы келмейтін тарпаң елдер...
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?!
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!
Базарбай Исаев
***********************************************
Келді міне, отыз жыл! Тойла қазақ!
Келді міне, отыз жыл! Тойла қазақ,
Азаттықтың ақ таңы қуандырып.
Биле, биле шаттана, тойда қазақ,
Өлеңдете, «отыз жыл» жыр қалдырып!
Пейіліміз қазағым тарылмасын,
Ағын судай жарқырап арындасын!
Қазағымды ең мықты ел ретінде,
Бүкіл әлем бас иіп қабылдасын!
Шаттандырған қуантып — отыз жылдық,
Мақтан қылған жырлатып — отыз жылдық.
Тәуелсіздік мерейтой құтты болып,
Отыз жылды Алла берсін жүз жыл қылып!
****************************************************************
Айта бергім келеді, айта бергім!
Бір өзіңе қарасам көзім тоймас,
Егеменді тәуелсіз елім менің!
Күлім қағып Атырау, Алтай бізге,
Азаттықта жайқалған жерім менің!
Отыз жылдық азаттық есік ашып,
Кең даламды маралдай тербеп жатыр.
Тәуелсіздік біздерге бақыт сыйлап,
Құлағанға дем беріп, емдеп жатыр.
Қазақстан, Отаным, байтақ елім,
Сенде тудым, өмірге қайта келдім.
Отыз жылдық мерейтой құтты болсын,
Айта бергім келеді, айта бергім!