Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен бүгін жарыс жолына шыққан Демеу Жадыраев финалға шықты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы Бірінші бол спорт арнасы жазды.
77 келіде белдескен отандасымыз әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, әзірбайжандық Санан Сүлеймановты 6:1 есебімен ұтты. Алғашқы айналымда төрттағандағы мүмкіндігін оңтайлы пайдаланған отандасымыз қарсыласын 4 ұпайлық әдіспен лақтырды. Сонымен бірге ол қарсыласына шабуылдауға белдесу бойы еш мүмкіндік бермеді.
Ал екінші айналымда Әзірбайжан балуанына төрттағанда мүмкіндік берілгенмен Демеу Жадыраев сәтті қорғана білді. Осылайша белдесу соңына дейін есеп өзгерген жоқ.
Финалға шыққан ол енді жапониялық Нао Кусакамен өзара мықтыны анықтайды.
Бүгін іріктеу кезеңінде Демеу Жадыраев Колумбия балуанын 9:0 есебімен ұтса, екінші айналымда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовты ұтты.