"1885 жылы қазақтар түркі халықтары арасында саны жағынан екінші орында болған"- Ресейлік БАҚ

Caravan.kz медиа порталы ресейлік басылымдарға шолу жасап көрді.

Қазақстан Қырғызстанды Starlink интернетімен қамтамасыз етпек - MK.ru

Қазақстан көрші мемлекеттерді интернет-трафикпен қамту үшін өзінің спутниктік инфрақұрылымын пайдалануды жоспарлап отыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мадиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, деректерді беру Қазақстан аумағында салынған Starlink гейтвей-станциялары арқылы жүзеге асырылады. Ведомство жоспарына сәйкес, биылдың өзінде сигнал Тәжікстанға беріле бастайды, ал кейінгі кезеңде Қырғызстан мен Моңғолияны қамту көзделіп отыр.

Жобаны іске асыру Қазақстанның цифрлық интеграция саласындағы өңірлік көшбасшылық позициясын нығайта түседі, деді министр.

Сонымен қатар, ведомство ел ішіндегі желілік инфрақұрылымды дамыту жоспарын да жария етті. 2026 жылы 1,9 мың ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, келесі жылы ел бойынша интернет қамту деңгейін 90 пайызға жеткізу көзделуде. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар барлық автожолдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілмек.

Айта кетейік, бұған дейін Starlink желісі Тәжікстан аумағында ресми түрде іске қосылғаны хабарланған болатын. Болашақта Қазақстанның транзиттік қуаттарын пайдалану Орталық Азия елдері үшін заманауи спутниктік технологияларға қолжетімділікті айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Ресейдің сүт өнімдерін импорттауда көш бастады - ТАСС

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Ресейдің сүт өнімдерін құндық көрсеткіш бойынша ең көп импорттаған ел атанды. Елге жеткізілген өнім көлемі 225 миллион доллардан асты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Импорт көлемі бойынша екінші орында — Беларусь (86 миллион доллардан астам), үшінші орында — Өзбекстан (48 млн доллар), төртінші орында — Қырғызстан (27 млн доллар), ал бесінші орында — Әзербайжан (20 млн доллар).

Жалпы алғанда, 2025 жылы Ресейдің сүт өнімдерінің экспорты құндық мәнде 14 пайызға өсіп, шамамен 530 миллион долларды құрады. Ал физикалық көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталып, 225 мың тоннадан асты.

Нұрлан Сабыров қатысатын "Что было дальше" жобасы Қазақстанда түсірілуі мүмкін - Постньюс

Ресейлік танымал «Что было дальше?» (ЧБД) шоуы өндірісін Қазақстанға көшіруі мүмкін. Telegram-арналардың мәліметінше, комик Нұрлан Сабыровтың депортациясы Labelcom жобасын көшіру туралы шешім қабылдаудағы соңғы фактор болған.

Команда бұған дейін Қазақстанда пилоттық түсірілімдер өткізіп үлгерген. Оларға рэпер Скриптонит пен блогер Александр Зубарев қатысқан. Авторлар жаңа локация әріптестік мүмкіндіктерін кеңейтеді, ал шетелде тіркелген YouTube-арнаны монетизациялау оңайырақ деген қорытындыға келген.

Жобадағы құқықтық мәселелер 2022 жылы басталған. Продюсер Максим Морозов «Что было дальше?» және «ЧБД» тауар белгілерін тіркей алмаған. Роспатент атаулардың бірегейлігі жеткіліксіз екенін алға тартып, құқықты бір тұлғаға бекітуден бас тартқан. Сот арқылы да шешімді өзгерту мүмкін болмады. Тіркеу болмаған жағдайда бренд құқықтық қорғаусыз қалуы ықтимал еді.

Жоба 2019 жылы продюсер Вячеслав Досмұхамедовтың бастамасымен іске қосылған. 2025 жылға қарай шоу ірі жарнамалық келісімшарттарға шықты: бір шығарылым шамамен 35 млн рубль таза пайда әкелсе, жаңа жылдық эпизод 60 млн рубльге дейін табыс түсірген. 2025–2026 маусымындағы интеграциялар бірінші позиция үшін 12–14 млн рубль, екінші позиция үшін 10–12 млн рубль аралығында сатылған. Қысқа жарнамалық роликтер 4–7 млн рубльге бағаланған. YouTube платформасына өткеннен кейінгі интеграциялар бойынша рекорд 120 млн рубльді құраған.

2026 жылғы 6 ақпанда Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны белгілі болды. Шешім елдің ұлттық қауіпсіздігі мүддесіне байланысты қабылданған. «Постньюс» мәліметінше, стендап-комик ақпан айында-ақ Ригада 25 мың еуроға өнер көрсетуге дайын.

"1885 жылы қазақтар халық саны жағынан түркі халықтарының ішінде екінші орында болған" - MK.Ru

Ресейлік БАҚ деректеріне сүйенсек, XIX ғасырдың соңында қазақтар түркі халықтары арасында саны жағынан екінші орында болған.

Бұл туралы патша үкіметінің шенеунігі әрі зерттеуші Николай Аристов 1885 жылы жарық көрген «Түркі тайпалары мен халықтарының этникалық құрамы және олардың саны туралы жазбалар» атты еңбегінде жазған.

Автордың мәліметінше, «киргиз-қайсақтар» (сол кезеңдегі ресми атау) түркі халықтары арасында саны жағынан екінші орынды иеленген, ал бірінші орын Осман түріктеріне тиесілі болған.

Аристовтың есебінше, сол уақытта жер шарындағы халық саны шамамен 1,5 миллиард адамды құраған. Оның ішінде 26 миллионға жуық түркі халықтары жалпы адамзаттың 2 пайызына да жетпеген. Ал 1885 жылы Ресей империясының халқы 108 787 235 адам болса, соның 10 046 016-сы түркі тектес халықтар болған, яғни 9 пайыздан сәл асқан.

Зерттеуші келтірген дерекке сәйкес, бес дала облысы, үш Түркістан облысы және Закаспий облысында тұратын 5 427 098 адамның 4 913 030-ы түркі халықтарына тиесілі болған. Соның ішінде:
• 3 091 394 — киргиз-қазақтар,
• 304 388 — қара-қырғыздар,
• 261 597 — түрікмендер,
• 579 740 — өзбектер,
• 628 000 — сарттар,
• 47 911 — тараншылар.

Мақалада атап өтілгендей, сол кезеңдегі қазақтардың нақты санын анықтау үшін Ресей бодандығындағы халыққа көршілес Қытай империясы аумағында өмір сүрген қазақтарды да қосу қажет болған.