Сент-Китс және Невис Федерациясының Ұлттық мейрамы - Ұлт күні (1983). Сент-Китс және Невис Федерациясы - Кариб теңізінің шығыс бөлігінде Сент-Китс және Невис аралдарында орналасқан мемлекет. Астанасы - Бастер қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - шығыс кариб доллары. Мемлекет конституциялы монархия, Ұлыбритания достастығы құрамына кіреді. Мемлекет басшысы - Ұлыбритания монархы тағайындайтын генерал-губернатор. Үкімет басшысы - Премьер-Министр. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық жиналыс.
«Смайликтың» туған күні.
1982 жылы 19 қыркүйекте Карнеги - Меллон университетінің профессоры Скотт Фальман (Scott E. Fahlman) компьютерде терілетін мәтінге «күлімсіреп тұрған бет-әлпетті» көрсету үш қос нүкте, дефис және жабылатын жақшадан тұратын қатар келген үш символды пайдалануды ұсынды.
Алғаш рет смайликті пайдаланған хабарлама 2002 жылы пленкада сақталған хабарландырулар тақтасының мұрағатынан табылды.
25 жыл ішінде смайлик электрондық қарым-қатынастың айнымас белгісі болып қалды. Ол чат немесе электрондық поштамен қарым-қатынас жасауда дауыс интонациясы мен ым-ишараның жетіспей тұрғанын түсінді. Смайликтер әңгімелесушіні дұрыс түсінуге, оның көңіл-күйін байқауға көмектеседі, олар өте қызық және жағымды эмоция тудырады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен шекарасында кедендік бақылауды жою туралы» Жарлығы шықты.
17 жыл бұрын (1996) Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ислам даму банкінің ұйымдастырумен «Қазақстан Республикасына инвестициялар» атты халықаралық конференция өтті.
7 жыл бұрын (2006) Қазақстанда тұңғыш рет журналистика энциклопедиясы шығарылды. Оны шығарған Қазақстан журналистика академиясының президенті - Сағымбай Қозыбаев.
58 жыл бұрын (1955) Оралда «Уралагрореммаш» зауытының негізі қаланды.
Зауыт орманды қорғау станциясының орына салынды. Кәсіпорын тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде іске қосылып, ауыл шаруашылық техникасын жөндеу саласында мамандандырылды. Сол жылдары кәсіпорын өзінің саласы бойынша республикамыздағы және Одақтағы зауыттар арасында алдыңғы қатарларға шықты. Кәсіпорын Қазақстандағы зауыттар арасында бірінші болып Ленин және Қазан көтерілісі ордендерімен марапатталды. Қазіргі уақытта «Уралагрореммаш» АҚ ауыл шаруашылық және өртке қарсы техникаларын шығарады, соның ішінде ЖВП-9 жаток маркасы мен зиянды жәндіктерді жою жұмыстарына арналған бүріккіштер бар. Кәсіпорның қуаттылығы жылдан-жылға өсіп келе жатыр, біздің республикамызда және шетелде сұраныстағы жаңа өнімдердің түрлері шығарылып жатыр. Кәсіпорында металл және темірбетон құрастырмаларын тоттан қорғайтын ыстық мырыш желісі іске қосылған. Осындай өңдеуден өткен металдар өзінің алғашқы кейпін жағымсыз экологиялық ортада 20 жылдан 60 жылға дейін сақтайды. Акционерлік қоғамның жанынан шығарылған өнімдерге қызмет көрсету мақсатымен «Казагросервис-Урал» МТС құрылған. Сонымен қатар, кішігірім трансформаторлық станцияларын құрастыратын «Казэлектрощит» ЖШС-ы «Уралагрореммаш» АҚ-ы құрылтайшысы болып табылады. Осы акционерлік қоғамның және ресейлік «Ростсельмаш» АҚ-ның негізінде «Нива-Эффект» комбайн маркаларын құрастыратын Біріккен кәсіпорын құрылған және сол техникаға қызмет көрсететін орталық жұмыс істейді.
12 жыл бұрын (2001) Алматыда Елбасы Н.Ә.Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ларри Нэппермен кездесті. Елші Елбасына сенім грамотасын табыс етіп, Н.Ә.Назарбаевқа, Қазақстан халқына және Үкіметіне өз елдерінде орын алған қайғылы күндерде қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Осы күні, Н.Ә.Назарбаевқа ГФР-дің Қазақстандағы елшісі Андреас Кертинг сенім грамотасын табыс етті. Кездесу барысында қазан айына жоспарланған Елбасының ГФР-ға ресми сапары, еліміздің экономикасына неміс инвестициясын тарту және экономикалық-сауда қарым-қатынасын бекіту мәселелері талқыланды.
8 жыл бұрын (2005) Алматыда жаңа ақпараттық-консультациялық «Жасыл телефон» қызметі жұмыс істей бастады.
Ұйымдастырушысы және бастаушысы - ЭкоФорум ресурстық орталығы.
«Жасыл телефон» алматылықтарды табиғатты әр түрлі ластануларда және зиян келтірілген жағдайларда көмектеседі, әсіресе ағаштарды шабу, көзделмеген жердегі қоқыстар пайда болған кезде. Алматы қаласының әрбір тұрғынының таза қоршаған ортада өмір сүру құқығы бұзылған жағдайда орталыққа хабарласып тегін кеңес алады. «Жасыл телефон» операторларына түскен қоңыраулардың негізінде экологиялық тәртіпті қамтамасыз ететін қызметтерге ресми сұраныстар жіберіледі және хабарласқан азаматтарға пайда болған жағдайда қандай шара қолданылғаны туралы ақпарат беріледі.
«Жасыл телефон» орталығы Қазақстанның бес аймағында жұмыс істейді, ол аймақтың экологиялық жағдайын қадағалап жүйелі негізде нақты мәлімет жинайды және жергілікті басқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғауға қолданылып жатқан шаралары туралы азаматтарға ақпарат таратады.
8 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңажол ауылында қазақтың халық батыры, дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш орнатылды.
Момышұлы Бауыржан (1910-1982) - Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы. Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген.
Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін айқас» «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн-туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» повестері мен әңгімелерінің авторы.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры» атағы берілген.
6 жыл бұрын (2007) Алматыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының интернеттегі сайтының таныстырылымы болды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамы 1989 жылы құрылған. Сайтқа www.kaztil.kz адресі бойынша шығуға болады.
Интернеттегі сайтты «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі жасап шыққан, онда «Алаш мұрасы», «Сөз төркіні», «Іс қағаздары», «Тілдік ахуал» мен «Сөздіктер» деп аталатын айдарлар бар.
6 жыл бұрын (2007) Социалистік Еңбек Ері Қарасай Сариевтің (1907-1982) 100 жылдығына орай Оралдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Бөкей Ордасы ауданы Бисен ауылында дүниеге келген Қарасай Сариев 1927 жылы Астрахан қаласында балық дайындау мекемесінде жұмыс жасады. Содан кейін елге оралып, ауыл шаруашылығы артелінде, Бисен ауылдық кеңесінде, «Алғашық» ұжымшарында еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы шаруашылық басқарған Қ.Сариевке 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
ЕСІМДЕР
40 жыл бұрын спортшы, велосипед спортынан халықаралық дәрежедегі шебер, Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі КИВИЛЕВ Андрей Михайлович (1973-2003) дүниеге келді.
Талдықорған қаласында туған. Ол 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азия ойындарының чемпионы, Англияда, Австрияда, Жапонияда, Италияда, Эквадорда, Индонезияда өткен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері.
108 жыл бұрын (1905-1983) ақын ТОҚМАҒАМБЕТОВ Асқар дүниеге келді.
Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкент политехникумында, Мәскеу Баспа институтын бітірген.
«Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болған.
1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары сан рет жеке кітап болып басылып шықты. Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті. «Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі», «Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы», «Ажалды жеңген алыптар», «Батырлар дастаны», «Уборщица», «Берлин көшесінде», «Испания», «Қараңғы түнде», «Рейн жағасында» поэмаларының, «Біздің Сәуле», «Қош аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» тағы басқа әнге арналған өлеңдерінің, Ыбырай Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан революциясының қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге), «Қарбаласта» повестері мен романдарының, «Жыр күмбезі» атты тарихи романның авторы. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар-көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды.
Октябрь Революциясы, 1-дәрежелі Отан соғысы, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
53 жыл бұрын (1960) «SB Capital» ЖШС бақылаушылар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты СӘЙДЕНОВ Әнуар Ғалимоллаұлы дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, аспирантурасын және Лондон университетін бітірген.
1994-1996 жылдары - Еуропалық қайта құру және даму банкінің консультанты, банкирі. 1996-1998 жылдары - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. 1998-1999 жылдары - ҚР Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитетінің атқарушы директоры, ҚР Инвестиция жөніндегі агенттігінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - ҚР қаржы вице-президенті. 2000-2001 жылдары - «Қазақстан Эксимбанкі» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2000-2004 жылдары - «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы. «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ Директорлар кеңесі төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы, 2004-2009 жылдары ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. 2009 жылдан «БТА Банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі, 17 ақпаннан «БТА Банк» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы болып тағайындалған.Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы ақпаннан бері.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталаған.
97 жыл бұрын (1916-1970) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Казақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі ЕЛАМАНОВ Әбдірахим дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданында туған. Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. 1946-1952 жылдары - Сібір мал өсіру ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. 1952-1955 және 1956-1960 жылдары - Қазақ мал өсіру ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры. 1955-1956 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары. 1957-1961 жылдары - Қазақ Ауыл шаруашылығы ғылым академиясы мал өсіру бөлімшесінің академик-хатшысы. 1961-1962 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі. 1962-1964 жылдары - Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі. 1964-1965 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің кеңесшісі. 1965-1970 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болған.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
87 жыл бұрын (1926-1987) инженер-геолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты СӘЛІМБАЕВ Ахметжан дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. 1963-1965 жылдары - Солтүстік Қазақстан геологиялық басқармасының бас инженері, бастығы, Қазақ КСР Мемлекеттік өндірістік геологиялық басқармасының төрағасы. 1965-1967 жылдары - Қазақ КСР Геология министрі. 1967-1987 жылдары Қазақ КСР Геология министрінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан Геологиялық басқармасы Геологиялық-тематикалық экспедициясы орталығының бастығы болған.
Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
102 жыл бұрын (1911-1993) ағышын жазушысы-романисі, Нобель сыйлығының лауреаты Уильям ГОЛДИНГ дүниеге келді.
99 жыл бұрын (1914-1983) Бүкілодақтық радионың дикторы, КСРО халық әртісі ЛЕВИТАН Юрий Борисович дүниеге келді.
44 жыл бұрын (1969) ресей боксшысы, жасөспірімдер әлем чемпионаттарының екі дүркін жеңімпазы, әлем чемпионы және әуесқой бокстан екі дүркін Еуропа чемпионы, бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері ЦЗЮ Константин Борисович дүниеге келді.
48 жыл бұрын (1965) «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық акционерлік компаниясы» АҚ вице-президенті ЯШИН Сергей Алексеевич дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Том политехникалық институтын бітірген, инженер-технолог. 1993-1998 жылдары - Үлбі металлургиялық зауытының АЭС үшін отын өндіру цехы бастығының орынтбасары-технологы; 1998-2000 жылдары «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ бас технологы; 2000-2004 жылдары Үлбі металлургиялық зауыты бас директорының бірінші орынбасары; 2004 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарушы директоры. Қазіргі қвызметінде 2004 жылғы қарашадан бері. .
39 жыл бұрын (1974) «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ басқарма төрағасы ИБАДУЛЛАЕВ Азамат Абдул-Амитұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. 2001-2002 жылдары - «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқарма төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары: 2002-2003 жылдары - «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқарма төрағасы; 2003-2004 жылдары - Астана қаласы инвестициялар және сыртқы экономикалық байланыстар департаментінің директоры; 2004-2006 жылдары «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ басқарма төрағасының орынбасары; 2006 жылдың ақпанынан - «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ басқарма төрағасы.
«Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
35 жыл бұрын (1978) «Қазақстандық тұрғын үй-құрылыс компаниясы» АҚ басқарма төрағвасының орынбасары ХҰСАЙЫНОВ Руслан Кинебайұлы дүниеге келді.
Қостанай қаласында туған. 1999 жылы - Алматы қаласындағы «Ақбидай» ЖШС өндірістік кәсіпорындарды жедел басқару бөлімінің менеджері. 2000-2002 жылдары - Қостанай облысындағы «Зерновая индустрия» ЖШС компаниялар тобының қаржы директоры. 2002-2004 жылдары - Алматы облысындағы «Сеймар» компаниялар тобының «Агросервис» ЖШС коммерциялық директоры. 2004-2009 жылдары - коммерциялық құрылымдарда, құрылыс, инвестициялық қызмет, өңдеу кәсіпорындары салаларында әртүрлі басшылық қызметтерде болды. 2009 жылы - Қостанай облысындағы «Тобыл» ӘКК» ҰК» АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің директоры. 2010 жылы - Қостанай облысындағы «Тобыл» ӘКК» ҰК» АҚ кеңесшісі, басқарма төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған.