Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
БАҚ өкілі бастапқы жарнасын ғана төлеп үй аламын деп алданып қалған әжейдің оқиғасын баяндады.
“2 миллионға алданған апам-ай. Бұл – алдаудың жаңарған ескі түрі. Таныс апам бала-шағасына айтпай, 1 жыл көлемінде бір компанияға 70 мың-150 мың арасында ақша салып жүріпті. Оны "Үй ұтып алу мүмкіндігі бар" деп арбаған. Осыдан шамамен екі апта бұрын әлгі компанияның өкілі хабарласып, "сіз үй ұтып алдыңыз" деп, құрылысы күшті 4 бөлмелі үйдің видеосын жіберген ғой. "Әй, осыған дейін қайда болдыңдар?" десе, "Компанияның бастығы өліп қалып, банкрот болды. Соны жаңа бастық сатып алып, розыгрышты қайта жасап жатыр" депті. Ой, бұл бергі жағы. Бір кезде не аты, не заты жоқ ауызекі тілде жазылған "келісімшарт" жіберген. Ол жерде әлгі квартира 70 миллион теңге тұрады екен. 10 пайыз салығын компания өзі төлейді екен-мыс. Апамыз тек 232450 теңге ғана төлеуі керек. Әлі қызық алда”, – деп бастады әңгімесін журналист.