2 мыңға тарта қазақ кітаптары «Әдебиет порталында» жарияланды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстандық БАҚ және интернет-ресурстардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты семинар-тренингте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбеков мәлім етті.

«Біздің министрліктің қолдауымен жақын болашақта «Әдебиет порталы» интернет-кітапхана, студенттерге арналған интернет-портал, танымдық балалар порталы жобалары іске қосылады. Бұл ресурстардың барлығы қазақ тілінің және дәстүрінің дамуына бағытталып отыр», - дейді Б.Қалианбеков.

Оның атап көрсеткеніндей, әлеуметтік маңызды әдебиеттерді басып шығару бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптардың барлығы аталмыш порталда топтастырылуда. Шығармалар қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде қолжетімді. Болашақта, министрліктің жоспары бойынша, бұл тізім 7 тілге дейін жеткізілмек.

«Шетелге шыққан әрбіріміз Қазақстан туралы, оның мәдениеті мен әдебиеті туралы сұрағанда, аталмыш порталды ашып, біздің авторлардың шығармаларын ұсына аламыз деген сөз. Қазір мұнда 2 мыңға тарта кітап басып шығарылды», - деді комитет төрағасы.