20 шілде - Құрбан айт мерекесінің бірінші күні

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚМДБ ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Һижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталды. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді. 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген мұсылман елдерінің ғұламаларымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады.

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде бай адамға құрбандық шалу міндет (уәжіп) болады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» деп бұйырған («Кәусар» сүресі, 2-аят). Хадисте: 
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды жатқызып, аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып, бауыздады»
, – делінген (Бухари мен Мүслим).

Құрбандық шалу Алла Тағалаға жақын болу, күнәлар кешірілу, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені, осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.

Құрбан шалу арқылы пенде Ибраһим пайғамбардың сүннетін жандандырады. Құрбан айт күні Ибраһим пайғамбар өзінің баласы Исмаилды құрбандыққа пида еткенін еске алады, олардың бір мінезділігін, қайыспайтындығын және Құдайға деген сүйіспеншілігін үлгі тұтады.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп еткей! Барша мұсылман халқына бұл айды сауапты істермен өткізіп, Жаратқан Иеміздің мейірімі мен кешіріміне кенелуді нәсіп еткей! Әмин!