20 жастағы жігіт бүйрегін баспанаға айырбастамақ

деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

Евгений есімді 20 жастағы жігіт бұл әрекетке әйелі мен баласын үймен қамтамасыз ету үшін барып отырғандығын айтыпты...

«БлоGпост» хабарына берген сұхбатында Евгений «Бүйректі қажет еткен адамдар хабар­ласты. Телефон соқты. Бір анығы - олар шетелден я Ресейден болып отыр. Мұндай қадамға саналы түрде шешім қабылдадым. Бұл аса қауіпті екенін де білемін. Маған ең бастысы, баламды аяғына тұрғызу. Ол ер жеткенде қолында үйі болса дей­мін. Басымда баспанам тұрса, мұндайға бармас едім. Қазір де бәрі баспана мен ақшаға тіреліп тұр» депті.

Қарапайым халық үшін үй алу - арман бол­ғалы қай заман?! Бүгінде баспана мәселесі - елдің ең бір жанды тұсы. Үй туралы әңгіме қозға­саңыз, ашық тұрған жарасына біреу тұз салып жібергендей қиналады. Оның үстіне, ақжем болған тақырып. Баспанасыз елдің қазіргі сиқы - тап бір қарны ашқан баланың жылап, ақыры еш­кім тамақ бермеген соң, жетім қозыдай маңы­рап-маңырап, қыстығып, булыққан кейпін елес­тетеді. Енді ше? Біреулер Айға ұшып, одан үлес алып жатыр. Қарапайым жұрттың жердегі үйге қолы жетпей жүр. Алдағы уақытта да үй алу сол арман күйінде қала беретін түрі бар.

«КазРиэлт-Недвижимость» ақпараттық порталының мәліметтеріне сүйенсек, қараша айында Қарағанды қаласындағы тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы 156 742 теңге болыпты. Сөйтіп, орташа есеппен екі бөлмелі пәтер шама­мен орташа 6 миллион теңге. Айлығы 40-50 мыңнан басталатын қарапайым адамға үй арман болмай, қайтсін? Егер 40 мың айлығыңызды ішпей-жемей жинасаңыз, үй бағасы бүгінгі құны­мен сізді күтіп тұрса, онда алдағы 15 жылдан соң, екі бөлмелі пәтеріңіз болады екен. Арман бол­мағанда, несі қалды?!

Деректерге жүгінсек, Қарағанды облы­сында 15638 азамат мемлекеттік тұрғынүй қорынан үй алу кезегінде тұр. Бұл азамат­тар­ды үймен толық қамту үшін жылына ор­таша 80 мың шаршы метр баспана бой көте­руі тиіс. Сөйтіп, 2020 жылға дейін қар­жы­ландырудың барлық көзінен жалпы аума­ғы 3 млн шаршы метр болатын бас­пана тұрғызу көзделуде.

Соның ішінде, Қарағанды қаласында үй кезегінде тұрған адамның саны ресми де­рек­терде бүгінде 6 мыңнан асады. Ол 358 мың шаршы метрді құрайды екен. Жалпы, жергілікті билік бірнеше бағыт бо­йынша 2020 жылға дейін тұрғынүй кезегі толықтай жойылады деген мә­лімдеме жа­саған еді бір кезде. Мүмкін. Бірақ бұл үмі­тін әлі де үз­бей, кезекке тұрғандар үшін. Ал күн­де ауыл­дан ағылып келіп жатқан, я тір­кеуде, я ба­сын­да паналар шатыры жоқ аға­йынға қайт­пек керек? Үкімет тікелей мұ­рын­дық болып отырған «Қолжетімді бас­пана - 2020» бағ­дарламасының игілігі жал­пақ жұртқа толық жете ме? Бұл да - бір күрмеулі мәселе.

Демек, «мәдениетті бомждардың» ал­дағы уақытта да баспаналы болуы неғай­был. Ғайыптан тайып, лотереядан мол ақ­ша ұтып алмасаңыз, немесе бір байшы­кеш­тің рақымы түсіп, бір үй сатып әпер­месе, еңбекақыңызбен баспаналы бола­мын деу - ит тірлік. «Айлықпен байыған адам жоқ» (Қадыр Мырза-әлі). Ең болма­ған­да, төрт қабырғасын қалқайтып, ла­шық салып алатын ұлтарақтай жер алу да - қия­мет. Жергілікті биліктен жер емес, жанын сұрап отырғандай зар илейді. Жұрт жөн-жосықсыз өсе беретін үйдің баға­сына наразы. «Қорқыт дегенде, осы­лай қорқыт» дедім бе?» дегеннің кебін киіп отыр.

Ертеректе ғой, ел әйтеуір бір үй аламыз деп үміттенетін. Осы күні халық үзілген үмітін қалай жалғарын білмей дал. Ең со­ра­қысы, атпалдай азаматтар ертең бала­сына бомждықты мұра етіп кетуі кәдік. Өйткені жылжымайтын мүлік нарығында қарапайым жұрттың асығы түгел емес. Қайтпек керек мұндайда?! Осы бір теңдеуі бар, бірақ шешуі жоқ есептен жұрт шар­шап-ақ тұр