2003-жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық кедені арқылы автокөлік импорттау көлемі екі есе артты

Облысқа импортталан автокөлік құралдарының 56,8 проценті 1991-жылға дейін шығарылған ескі көліктер. Облысқа осындай ескі көліктер әкелу ауқымы биыл едәуір артып, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 140 процентті құрады.

Ал импорттың 27,5 процентін 1998-2003-жылдарда өндірілген көліктер иемденеді. Мұндай көліктерді әкелу мөлшері 29 процентке артты. Олардың 95 проценті Ресейде өндірілген ВАЗ және ГАЗ автокөліктері.
Оңтүстік Қазақстан облысына әкелінетін автокөліктердің 70 проценті жеке тұлғалардың, ал қалғаны автосалондардың үлесінде.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жол полициясы басқармасының тіркеу-сынақ бөлімінің бастығы Омархан Жұмановтың KZ-today тілшісіне хабарлауынша, қазір облыста жеке тұлғалардың атында 109 мың, ал заңды тұлғалардың атында 12 мың 78 автокөлік тіркелген.