2003-жылы теңгенің нақты құнсыздануы 2,5 процент болды

Ұлттық банк мәліметтеріне сәйкес, ТМД елдері бойынша нақты тиімді айырбас бағамы (НТАБ) 4,2 процентке азайды, ал қалған елдер бойынша теңгенің құнсыздануы 1,5 процентті құрады.

Өткен жылы теңгенің АҚШ валютасына қатысты 12,6 процентке нақты нығайса, евро мен ресей рубліне қатысты керісінше 6,9 және 5,3 процентке тиісінше құнсызданды. Үстіміздегі жылдың басынан бері теңгенің АҚШ долларына шаққандағы номиналдық нығаюы 2,67 процентті құрады.
Осыған байланысты Д.Әкішевтің атап көрсетуінше, нақты тиімді айырбас бағамына сәйкес теңгенің құнсыздануын ескерсек, долларға шаққанда теңгенің нығаюы "отандық тауар өндірушілер үшін қандайбір қауіп-қатер төндірмейді". "1999-жылғы құнсыздану нәтижесінде Қазақстан экономикасы жинақтаған қор күні бүгінге дейін сақталып отыр",- деді Д.Әкішев.
"Біз еліміздің негізгі сауда әріптестері саналатын елдердегі валюта бағамына қатысты ахуалды жіті қадағалап отырмыз. Егер біз НТАБ бойынша өзгерістер қарқыны күшейе бастағанын байқай қалсақ, ондай жағдайда Ұлттық банк теңгеге отандық экспорттаушылардың бәсекелестік қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік беретіндей бағам қалыптастыруға шаралар қолданады",- деп сендірді Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов баспасөз мәслихатында. "Ал әзірше мұндай шара қолдануға ешбір себеп жоқ",- деді ол.