2004-жылдың 9 айында Қазақстанда экономикалық және жемқорлық сипаттағы 8,5 мың қылмыс тіркелді

А.Сәрсеновтың мәліметіне жүгінсек, осындай қылмыстар салдарынан келген шығын көлемі 71 млрд. теңгеге жетіп, 2003-жылғы көрсеткіштен 23 млрд. теңгеге артты. Биылғы жылдың 9 айында өндіріп алынған шығын көлемі 7 млрд. теңгеден асты, бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе артық.

Есепті мерзімде "мемлекет экономикасын қыруар шығынға ұшыратқан" қылмыстар саны екі есе артты,- деді А.Сәрсенов. Оның айтуынша, мұндай қылмыстар қатарында алаяқтық (558 дерек), заңды тұлғалар тарапынан салықтан жалтару (372), басқаның сеніп тапсырған мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу (309), лауазымын асыра пайдалану (269), жалған кәсіпкерлік (236), жеке тұлғалар тарапына салықтан жалтару (112) сынды қылмыс түрлері бар. Заңсыз жолмен тапқан қаржы немесе мүлікті легализациялауға байланысты қылмыстар саны 2003-жылы 13 болса, биыл 57-ге жетті.
2004-жылдың 9 айында еліміз бойынша 4 мың 025 экономикалық қылмыс тіркелді.
Сондай-ақ, А.Сәрсеновтың хабарлауынша, 2004-жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында еліміздегі бүкіл құқық қорғау мекемелері 1074 жемқорлық сипаттағы қылмыстың бетін ашты, соның ішінде ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі Агенттігі 757 немесе барлық қылмыстардың 70 процентін әшкерледі.
Осы сипаттағы қылмыстар арасынан мәнсаптық құзырын бас пайдасына жарату және қызмет бабын асыра пайдалану оқиғасы 262, парақорлық оқиғасы 151, басқаның сеніп тапсырған мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу 52, кәсіпкерлікпен заңсыз айналысу оқиғасы 12, қызметінде салғырттық таныту оқиғасы 5 мәрте тіркелді.
А.Сәрсеновтың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында қаржы полициясы қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық істер саны 3 есе азайды. 2003-жылдың 9 айында осындай 65 іс қозғалса, биылғы жыл басынан бері 22 іс қозғалды. Сондай-ақ, қаржы полициясы мекемелеріндегі жемқорлық қылмыстар саны да азайды, 2003-жылы мұндай көрсеткіш 14 болса, 2004-жылы 9-ға дейін кеміді.