Қаржы министрлігінің болжамына сәйкес, 2004-жылдың аяғына дейін мемлекеттік бюджет түсімдері жоспардың 101,5 процентін, республикалық бюджет түсімдері 101,8 процентін, жергілікті бюджет түсімдері 100,3 процентін құрайды.
Биылғы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджет шығындары 944 млрд. теңге, республикалық бюджеттікі 742 млрд. теңге немесе жоспардың 74 процентін құрады. "Жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің орындалу көрсеткіші 98 процентке жетуі мүмкін",- деді А.Ойнаров. Оның атап көрсетуінше, "бұл өте оптимистік көрсеткіш". ҚР қаржы министрінің орынбасарының айтуынша, "жыл соңына дейін 200 млрд. теңгеден астам қаржыны игеру қажет". Оның мәліметіне сәйкес, бүгінде игерілмеген бюджет қаржысының көлемі 43,8 млрд. теңгені құрап отыр, бұның үштен бір бөлігі ауылшаруашылығы министрлігі мен мемлекеттік материалдық қор жөніндегі агенттіктің үлесінде. Министр орынбасарының айтуынша, 28 млрд. теңгенің толыққанды игерілмей қалуы бюджеттік тәртіпті сақтамауға байланысты.