"CNPS-Ақтөбемұнайгаз" ААҚ-ның баспасөз қызметінің төрайымы Ғалия Жалдыбаеваның хабарлағанындай, 2003-жыл қорытындысы бойынша кәсіпорын 4 млн. 650 мың тонна мұнай өндірді. Бұл 2002-жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 282,61 мың тоннаға артық. Бұдан басқа да техника-экономикалық көрсеткіштер асыра орындалды. Жоспардан тыс 11,5 млн. текше метр ілеспе газ өндіріліп, 13 мың тоннадан астам күкірт сатылды.
2004-жылдың соңына дейін "CNPS-Ақтөбемұнайгаз" ААҚ Жаңажол және Кеңқияқ кеніштерінде жаңа ұңғыларды іске қосады деп күтілуде. Ғ.Жалдыбаеваның айтуынша, ол үшін "CNPS-Ақтөбемұнайгаз" ААҚ жаңа әдістемелер қолданып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Жаңажол және Кеңқияқ кеніштеріндегі ұңғылардың қапталындағы стволдарды бұрғылай бастамақшы.
Сондай-ақ, 2004-жылы "Жаңажол-Жем " бағытындағы темір жол тармағы салына бастады. Бұл жолмен кеніштегі зауыттарға арналған құрал-жабдықтар мен материалдар тасымалданады деп күтілуде.