"Сауда-саттық, өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарында жұмыс күшінің ең көп мөлшерде жасақталу көрінісі байқалды",- деді Г.Қарағұсова.
Оның айтуынша, өткен жылдың аяғында еліміздегі жұмыссыздар саны 657,4 мың адамды құрады, бұл - 2003-жылғыдан 14,7 мыңға кем. Демек, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі халықтың экономикалық белсенді бөлігіне шаққанда 2003-жылғы 8,8 проценттен 8,4 процентке дейін төмендеді.
"Бұған әсер етіп отырған екі басты себеп бар, біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы тұрғындардың еңбекке қабілетті бөлігін жұмысқа белсенді түрде қамтуды нысанаға алып жұмыс істеуде, екіншіден, мемлекеттік индустриялық-инновациялық және тұрғын үй құрылысы бағдарламалары жүзеге асырылуда",- дейді Г.Қарағұсова.
Алайда, министрдің айтуынша, бірқатар облыстарда жұмыссыздар үлесінің анағұрлым азайғанына қарамастан, атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғары күйінде сақталып отыр.
Г.Қарағұсованың хабарлауынша, жан басына шаққандағы орташа кіріс деңгейі кедейлік шегіне де жетпейтін әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың саны 2002-жылғы 10,2 проценттен 2005-жылдың 1-қаңтарында 3,9 процентке дейін азайды.