2004-жылы "Қазақстан алюминийі" АҚ-ның таза пайдасы 5,8 млрд. теңгені құрады

"Қазақстан алюминийі" АҚ-ның акционерлері жалпы жиналыста компанияның 2004-жылғы қаржылық-шаруашылық іс-қызметін қорытындылады. Акционерлік қоғам басқармаларының есебіне сәйкес, инновациялық жаңалықтар енгізу, құрал-жабдықтар мен техниканы жаңалау және жөндеу нәтижесінде 2004-жылы глинозем өндіру мөлшері 1 млн. 465 мың тоннаға дейін артты. Бұл былтырғы деңгеймен салыстырғанда 49,4 мың тоннаға артық. 2005-жылы 1,5 млн. тонна глинозем өндіру көзделіп отыр. 2004-жылы 4 млн. 705 мың тонна боксит, 1 млн. 801 мың тонна әктас өндірілді. 2004-жылы "Қазақстан алюминийі" АҚ өз қаржысы есебінен кәсіпорынды дамытуға 4 млрд. 19 млн. теңгенің инвестициясын жұмсады.

"Әлемдік нарықта алюминийге деген сұраныстың өсуіне және бағаның өзгермелі болуына байланысты 2004-жылы глинозем құнының өсуіне қолайлы жағдай қалыптасты. Соның нәтижесінде аталмыш өнімді сатудан 38 млрд. 175 млн. теңгенің пайдасы келді. Бұл - былтырғы деңгейден 7 млрд. 153 млн. теңгеге артық",- деп хабарлайды АҚ-ның баспасөз қызметі. 2004-жылы "Қазақстан алюминийі" АҚ бюджетке 7 млрд. 207 млн. теңгенің салық және басқа да төлемдерін аударды.
Акционерлердің жиналысында таза пайданың бір бөлігі болып табылатын 2 млрд. 275 млн. 576 мың 173 теңгені қоғам акцияларына дивиденд ретінде төлеуге, 3 млрд. 496 млн. 208 мың 150 теңгені өндірісті жаңалауға, жабдықтауға және өндіріс қуатын арттыруға арнау туралы шешім қабылданды.
Акционерлердің жиналысында "Қазақстан алюминийі" АҚ-ның шетелдік аудиторы ретінде - PriceWaterhouseCoopers компаниясы , ал қазақстандық аудиторы ретінде - "Глобал Аудит" ЖШС анықталды. Жиналысқа компанияның дауыс беру құқығы бар 51907595 акциясына иелік ететін акционерлері мен олардың өкілдері қатысты. Бұл - жалпы дауыстың 98,1 процентіне тең.