2004-жылы республикалық прокуратура еңбек заңын бұзуға қатысты 3,5 мың деректің бетін ашты

Әділет министрлігінің ақпаратына жүгінсек, қазіргі жағдаймен елімізде шетелдік компаниялардың 3 мыңдай өкілдіктері тіркелген. Оларда 243 мыңдай Қазақстан азаматтары жұмыс істеуде. Ал әрбір екінші шетелдік компанияда қазақстандық жұмыскерлердің құқығын бұзу оқиғасы әшкереленген.

Мәселен, тексерілген 119 шетелдік кәсіпорындарда Қазақстан азаматтарына жалақы тағайындау барысында алалау деректерінің беті ашылды.
Бас прокуратураның мәліметтері бойынша бірдей қызмет атқара тұра қазақстандық мамандар шетелдік жұмысшылармен салыстырғанда 4-7 есе төмен жалақы алады. "Мәселен, Ақтөбе облысындағы "Мұнай және газ іздеу" ЖШС-інде шетелдік бұрғышының жалақысы 2250 АҚШ долларын құраса, осы компанияда істейтін қазақстандық бұрғышы 450 долларды місе тұтуға мәжбүр болған",- деді Р.Түсіпбеков.
ҚР бас прокуратурасының экономика саласындағы заңдылықты қадағалау жөніндегі департаменті төрағасының міндетін атқарушы Дулат Құсдәулетовтың айтуынша, мұндай заң бұзушылықтарға шетелдік кейбір компаниялар ғана жиі жол береді. "Тексеру қорытындысы көрсеткеніндей, Қазақстан азаматтарының еңбек құқығын бұзу оқиғаларына еңбек шартына қол қойған сәттен бастап бүкіл жұмыс барысында жол беріледі. Шетелдік жұмыс берушілер шет тілін білу, шетелдік компанияларда 10-15 жылдық жұмыс тәжірибесі болу, халықаралық сертификаты болу сынды қасақана орындалмайтын талаптар қойып, жас мөлшеріне жалған шектеулер қояды",- деді Д.Құсдәулетов. "Мұндай заң бұзушылық деректері жүйелілік сипат алды",- деді ол.
Прокурорылық тексерулердің нәтижесінде заң бұзу дерегін жою туралы 178 нұсқау беріліп, 3 қылмыстық іс қозғалып, 665 адам әкімшілік жауапкершілікке, 56 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4596 Қазақстан азаматының құқығы қорғалып, қалпына келтірілді. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің іс-қызметінде әшкереленген заң бұзу деректерін жоюға қатысты таныстыру үкіметке жолданбақ.