2004-жылы Солтүстік Қазақстан облысына квота бойынша 750 оралман отбасы көшіп келуі тиіс

Оның айтуынша, биыл Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келетін репатрианттардың басым бөлігін Ресей тұрғындары құрайды. Ол жақтан 380 отбасы оралады деп күтілуде. Сондай-ақ, Өзбекстаннан 287 отбасы, Моғолиядан 80 отбасы, Қырғызстаннан 3 отбасы көшіп келмекші.

Алайда, өткен жылдардың тәжірибесі дәлелдегеніндей, бөлінген квота түрлі себептермен толыққанды жүзеге асырылмай отыр. Мәселен, 2003-жылы Солтүстік Қазақстан облысына жоспардағы 640 отбасының орнына небәрі 437 отбасы қоныс аударған.
Қазіргі жағдаймен оралмандар үшін басты проблеманың бірі тұрғын үй сатып алу болмақ. Ш.Әлиевтің айтуынша, бұл процедураның үкімет бекіткелі отырған жаңа тәртіптері де өзекті проблеманы түбегейлі шеше алмайды. Жаңа тәртіптерге сәйкес, алатын үйді оралмандардың өздері іздеп тауып сатып алады, ал үкімет тек қажетті қаржыны ғана ақшалай бөліп береді деп күтілуде. Үй сатып алу үшін репатриант отбасының әрбір мүшесіне 100 айлық есептік көрсеткішке (919х100) тең қаржы аударылады Нәтижесінде, Ш.Әлиевтің айтуынша, 5 адамнан тұратын отбасына үй сатып алуға шамамен 450 мың теңге немесе 3 мың доллар берілмек. Қазіргі жағдаймен Петропавлда бұл қаржыға бір бөлмелі пәтердің өзін табу қиын. Ал репатрианттардың басым бөлігі болса облыс орталығында орнығуды қалайды.