2005-жылдың алғашқы жартысында Жалпы Ішкі Өнімнің өсімі былтырғы осы мерзімге шаққанда 8,5 проценттен кем болмайды - ҚР экономика министрлігі

Қ.Келімбетовтың айтуынша, "жылдық орташа инфляция көрсеткіші белгіленген дәліз шеңберінен шықпайды". "Соның нәтижесінде жалақының нақты өсімі 7 процент болмақ",- деді министр.

"Тіпті жылдың екінші жартысында әлемдік нарықтағы мұнай бағасы арзандады деген күннің өзінде алғашқы жарты жылдықта қол жеткізілген жетістіктер 2005-жылы тұтастай алғанда Жалпы Ішкі Өнімнің номинал мөлшерін болжанған деңгейде сақтауға және бюджет шығындарын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді",- деді Қ.Келімбетов.
Министрдің айтуынша, "орташа мән өзгерісіне жасалған талдау қорытындысы Қазақстаннан экспортқа шығарылатын өнімдердің әлемдік бағасының өсімі тұрақты қарқынмен артып келе жатқанын паш етіп отыр". Мәселен, 2004-жылғы жылдық орташа деңгеймен салыстырғанда 2005-жылдың 1-тоқсанында brent маркалы мұнай бағасы 24,4%-ке өсіп, бір барреліне 47,6 долларды құрады. "Алдағы үш айға жасалған әлемдік фьючерстік бағаның талдау қорытындысы мұнайдың бағасы одан әрі өсіп, жарты жылдықта 49,5 долларды құрайтынын көрсетіп отыр",- деді ол.